Аймаққа жұмыс сапарымен келген сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова облыстағы кәсіпкерлермен кездесті. Жиынның мақсаты – отандық өндірушілерді қолдап, сауда саласын дамыту.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда сауда еліміздегі жұмыспен қамту құрылымында бірінші орында тұр. Бұл салада бір жарым миллионнан астам адам еңбек етеді. Биыл тоғыз айда саудаға тартылған инвестициялар 25 пайызға өсіп, 700 млрд. теңгеден асты.

Жанель Кушукова, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

1 қазанға дейін сауда саласында бизнес субъектілерінің үлесі 35% құрайды. Ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі бойынша сауда екінші орында тұр. Саудаға салынған инвестициялар 720 миллиард теңгеден асты. Шығыс Қазақстан облысына қатысты айтсақ, өңірде ішкі сауда айналымы 1,7 миллиард теңгені құрады. Бұл айтарлықтай көрсеткіш.

Азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта елімізде ауылшаруашылық жәрмеңкелері белсенді түрде өткізіліп келеді. Онда тауарлар нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағада сатылуда. Биыл жыл соңына дейін 400-ден астам осындай шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде алпысы ірі қалаларда ұйымдастырылады.

Жанель Кушукова, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Мен Астана тұрғыны ретінде жәрмеңкелерге жиі барып, қатысамын. Әр сенбі сайын өткізіліп тұрады. Мұнда түрлі аймақтардан кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынады. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары үшін өте тиімді. Сонымен қатар, осы жәрмеңкеде жергілікті шаруаларды қолдау мақсатында сауда орындары тегін беріледі. Бұл да олардың дамуына үлкен қолдау деп білемін.

Кездесу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері ішкі сауда мен экспортты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ал, вице-министр үкімет өңірлердің экономикалық тұрақтылығын нығайту бойынша міндеттерді бірлесіп шешуге дайын екендігін айтты.

Гүлдана Айдарқызы, Мирас Сабитпеков