Глубокое ауданындағы Прогресс ауылында «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Бұл сыныпқа Ауған соғысының ардагері, ұлттар арасындағы ынтымақ пен бірлікті насихаттаған азамат Талғат Ожикановтың есімі берілді. Ол өз өмірін Отанға қызмет етуге арнаған, ішкі істер органдарының ардагері. Енді Прогресс орта мектебінің оқушылары тәртіп сақшысы болудың негіздерін меңгереді.
Қазір Прогресс орта мектебінде 140 оқушы білім алады. Енді жаңа пәндік сыныпта жас өрендер құқықтық сауатын арттырады. Бұдан бөлек, мұнда өтетін сабақтарға арналған арнайы форма да бар.
Рыскуль Муратбекова, Прогресс орта мектебінің директоры:
Біздің мектебімізде ерекше қуанышты оқиға өтті. Мектебіміздің қабырғасында «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Аталған сыныптың негізгі мақсаты – ол оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық ұстанымын дамыту, ел мен қоғам арасындағы жауапкершіліктерін арттырып, заң мен тәртіпке деген құрмет сезімін тәрбиелеу.
Оқу сағаттары апта сайын өткізіліп отырады. Оқушылар тәртіп сақшыларының қызметімен танысады. Олар полиция қызметкерлерімен бірге жедел профилактикалық шаралар мен рейдтерге қатысады.
Андрей Ларионов, Глубокое ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары:
Бұл жоба алғаш рет Прогресс орта мектебінде іске асырылып отыр. Кабинет интернационалист жауынгердің есімімен аталады. Мұндағы кадеттер – болашақ кәсіби мамандар. Олар мектепті тәмамдаған соң жоғары оқу орындарына түсіп, офицер атанады.
Жаңа жобаға балалар үлкен қызығушылық танытуда. 7-сынып оқушысы Савелий Еремин болашақта полиция қызметкері болуды армандайды.
Савелий Еремин, мектеп оқушысы:
Бұл – мектебіміз үшін тың бастама. Бұған дейін бізде мұндай кабинет болған жоқ. Енді заң, қауіпсіздік және адамдарға көмек көрсету туралы үйренеміз. «Жас сақшы» сыныбының алғашқы оқушыларының бірі болу – мен үшін үлкен мақтаныш.
«Жас сақшы» жобасы оқушыларға құқық қорғау органдарының жұмысын таныстырып қана қоймай, қоғамға қызмет етудің маңызын түсіндіреді.
Талант Тұрсынов, Мирас Сабитпеков