Ал, денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, еліміздің фармацевтикалық нарығында мемлекеттік реттеуге жататын бірқатар дәрі-дәрмек бағасы төмендеген. Бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар аймақта да қолға алынды.
Бірқатар дәрі-дәрмек бағасының төмендеуіне жаңартылған баға белгілеу тетігінің енгізілуі себеп болып отыр. Жаңа ереже дәрілердің құнын қалыптастыру процесін оңтайландырады.
Гүлжан Сыдықова, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ШҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:
Қазіргі уақытта 4994 дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағалар бекітілген. Сонымен қатар, 1707 рецептсіз дәрілік заттарға мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық бағамен сатылуда. Олардың бағасы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департамент тарапынан тұрақты бақылауда ұсталады. Шекті бағалар туралы бұйрық күшіне енгеннен кейін жүрек қан-тамыр жүйесін, асқазан-ішек жолдарын және бактериялық ауруларды емдеуге арналған әлеуметтік маңызы бар препараттар құнының айтарлықтай төмендеуі тіркелді.
Дәрі-дәрмек бағасын реттеу жүйесіндегі өзгерістер мен сапаға бақылаудың күшеюі аясында фармацевтикалық нарықтың ашықтығына да ерекше назар аударылуда. Бұл бағытта «Naqty Onim» мобильді қосымшасы іске қосылды. Осы арқылы енді қазақстандықтар дәрінің түпнұсқа және қауіпсіз екенін тексере алады.
Думан Қалжыров, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
Қазіргі уақытта «Naqty Onim» мобильді қосымшасы әзірленген. Дәріні сатып алу кезінде оны сканерлеу арқылы препарат туралы толық мәлімет алуға болады. Бұл деректер дәрінің Қазақстан Республикасында тіркелгенін және жалған еместігін растайды.
Бағаның төмендеуі халық үшін дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттырып, қараша халықтың емделуіне қолайлы жағдай жасауда. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің сапасын жақсартып, отбасы бюджетіне түсетін қаржылық жүктемені азайтады. Ал, жүйелі мониторинг пен нарықтық талдау жалғасып жатыр. Мұндағы мақсат бір. Яғни, тиімді баға арқылы халықты сапалы әрі қауіпсіз дәрілермен қамтамасыз ету.
Фатима Тілейханқызы, Ирина Санникова