Өңірде өрт қаупі жоғары кезең ресми түрде аяқталды. Табиғи өрттің алдын алу және олармен күресу бағытында атқарылған жұмыс аз болған жоқ. Орман мен дала алқаптарындағы ахуал, тіркелген өрттердің себептері мен олардың алдын алу шаралары туралы облыстың Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Биылғы өрт қаупі кезеңі күрделі ахуалмен өткен. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс аумағында жалпы ауданы 203 гектардан асатын 27 орман, 469 гектар аумақта 39 дала өрті тіркелген. Бұған қоса, ауданы 840 гектарды қамтыған бір ірі дала өртін сөндіруге айтарлықтай күш жұмсалды. Төтенше жағдайлардың көпшілігі – найзағайдың соғуынан болып отыр.

Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

Енді жалпы Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына сәйкес ағымдағы жылы өрт қауіпті кезеңі 14 сәуірден басталып 7 қарашада аяқталды. Бұл кезең барысында бізде 203 гектарды құраған 27 орман өрті тіркеліп отыр. Бұл енді өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейіп отыр. Өткен жылы бізде 13 орман өрті тіркелген.

Өрттің алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл облыс бойынша 52 мобильді топ жұмыс істеді. Олардың құрамында азаматтық қорғау қызметкерлері, жергілікті полиция, орман шаруашылығы мамандары мен атқарушы орган өкілдері бар. Бұл топтар 1800-ден астам рейд жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 88 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерімен 400 дөңгелек үстел, 532 жиналыс және мыңдаған нұсқама өткізіліп, жалпы саны 14 мыңнан асатын тұрғын қамтылды. Оған қоса, орман және дала өрттеріне жедел әрекет ету мақсатында «Өрт – 2025» республикалық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.

Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бізде кеңінен профилактикалық жұмыстар өткізілді. Атап айтқан кезде табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия өткізілді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы бойынша аудандық күштер мен құралдар жұмылдыру жоспарлары түзетілді. 2025 жылға арналған орман және дала өрттерін азайту және жоб бойынша іс-шаралар жоспарында бекітілген.

Мамандардың айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде маусым қалыпты деңгейде аяқталды.

Талант Тұрсынов