Соңғы он айда Алтай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы аудан әкімі Ренат Құрмамбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кездесуде мәлімдеді. Өңірдің даму бағыты мен халық тұрмысының нақты өзгерістерін айқындаған маңызды жиын болды.

Алтай – Шығыс Қазақстандағы экономикалық әлеуеті мықты аудандардың бірі. Бұл өңірде өндіріс те, ауыл шаруашылығы да қатар дамыған. Сонымен қатар туризм саласы да соңғы жылдары қарқын алған. Мәселен, Жаңа Бұқтырма кенті таптырмас туристік орталыққа айналған. Бүгінде мұнда жағажайлар абаттандырылып, демалушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Соңғы екі жылда демалыс базаларына тексеріс жұмыстары жүргізіліп, 70 кәсіпкер салықтық есепке қойылды.

Ренат Құрмамбаев, Алтай ауданының әкімі:

Жыл сайын біз Бұқтырма су қоймасындағы демалыс базаларына тексеріс жүргізуді қолға алдық. Жеке кәсіпкерлер салықтық есепке тұрғанын атап өткен жөн.Бұл өз кезегінде оң нәтижесін көрсетуде. Инвестициялар көлемі 1,5 есе артып, 1 миллиард 580 миллион теңгені құрады. Туризм саласы арқылы аудан бюджетіне түсетін кірісті ұлғайттық: егер 2023 жылы бұл сома шамамен 60 миллион теңгені құраса, өткен жылдың қорытындысы бойынша 254 миллион теңгеге жетті. Бұл – салықтық түсімдердің 3,5 есеге артуы.

Айта кетейік, «Altay Invest 2025» халықаралық инвестициялық форумында аудан жалпы құны 61,2 млрд теңгені құрайтын 4 меморандумға қол қойды. Олардың ішінде – жалпы қуаты 45 МВт болатын екі ГЭС-ті 45 млрд теңгеге салу және тағы бір қуаты 15 МВт болатын ГЭС-ті 15 млрд теңгеге салу жоспарланған. Сондай-ақ, инвесторлар Бұқтырма су қоймасында демалыс базасын салуға 400 млн теңге және «Гранд Фиш» ЖШС-нің Қытайға балық өнімдерін экспорттауына 800 млн теңге қаржы құяды.

Ренат Құрмамбаев, Алтай ауданының әкімі:

Алтай форельі бүгінде тек аудан тұрғындарының тұтынатын сүйікті балығы емес. Бүкіл Қазақстан бойынша тұтынатын балық түріне айналған. Тіпті соңғы жылдары шетелдерден де сұраныс артуда. Инвест форум өткенде біз Қытайлық компанияларды өндіріске шақырып, форельдің қалай өсірілетінін, тұтынушыларға қалай жеткізілетіндерін көрсеттік. Олар жұмысымызды жақсы бағалап, тығыз байланыс орнатқылары келетіндіктерін жеткізді. Бұл біз үшін үлкен нәтиже.

Аудан әкімінің айтуынша, барлық жетістіктер -бірліктің нәтижесі. Әр істің табысты жүзеге асуында әр тұрғынның үлесі бар. Алдағы уақытта да ынтымақпен, жоғары жауапкершілікпен жұмыс істей отырып, Алтайды одан әрі көркейтетіндіктерін жеткізді.

Сая Жарасқызы