ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде қызметтік міндетін мінсіз атқарған сарбаз марапатталды. Қарауылдық қызмет барысында түзету мекемесінде тәртіп бұзуға әрекеттенген сотталғандарды тоқтатқан қатардағы жауынгерге қысқа мерзімді демалыс беріліп, оның қырағылығы мен адал еңбегі үшін алғыс жарияланды.

Түзету мекемесінде темірдей тәртіп берік сақталады. Дегенмен, жағдай кез келген мезетте күрт өзгеруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде қарауылдардың қырағылығы мен жылдам әрекеті аса маңызды. 28 қазан күні қатардағы Жолан Мыңбосынов күнделікті қарауылдық қызметіне кіріскен. Алайда бірнеше секунд ішінде қалыпты жағдай төтенше оқиғаға айналып, шұғыл шешім қабылдауды талап етті.

Ринат Иманбеков, ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімі командирінің м.у.а:

Қатардағы Жолан Мыңбосынов 2025 жылдың бірінші шақырылымымен әскерге алынып, биыл шілде айында №16 түзету мекемесін күзетуге арналған бірінші атқыштар ротасына қызметке жіберілді. 28 қазан күні ол аталған мекемеде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қарауыл қызметіне кірісті. Қызмет барысында төрт сотталған ішкі тыйым салынған аймаққа заңсыз өтіп кеткен. Осыған байланысты алтыншы посттың қарауылы — қатардағы Мыңбосынов «Тоқта, кері қайт!» деп дабыл жасаған, алайда сотталғандар ескертуге бағынбаған. Кейін ол «Тоқта, атамын!» деген екінші рет ескерту бергенімен, олар негізгі қоршауға қарай өрмелей бастаған. Осыдан кейін қатардағы Мыңбосынов ауаға ескерту оғын атып, ішкі аймаққа өткен сотталғанды тоқтатты.

Командирлердің айтуынша, мұндай батыл әрекет-күнделікті дайындықтың, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің нәтижесі. Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша қатардағы жауынгерге 10 тәулік қысқа мерзімді демалыс беріліп, алғыс жарияланды.

Ерлан Медетбаев, ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨҚ қарасты 6699 әскери бөлімінің 1-ші атқыштар ротасының командирі:

Қатардағы Мыңбосынов өзін тек қана жақсы жағынан көрсетіп, жауынгерлік қызметте де үздік болды. Барша білімін көрсетті. Жақсы жағынан көрсетті тек қана. Қатардағы Мыңбосыновқа 10 күн еңбек демалысын беріп жатырмыз. 10 күн еңбек демалысында жолға 2 күн береміз. 

Әскери бөлім басшылығының айтуынша, қатардағы жауынгер Жолан Мыңбосынов қызметінің алғашқы жарты жылында өзін тәртіпті, дайындық деңгейі жоғары әскери қызметші ретінде көрсете білген. Ал сарбаздың өзі атқарған әрекетін әскери борыш пен қызметтік міндетті орындау деп санайды.

Жолан Мыңбосынов, қатардағы жауынгер:

Сол күні сотталғанның қашып кетпеуін қамтамасыз ету — тек менің емес, әрбір сарбаздың міндеті. Мен бар болғаны №20 бұйрыққа сай әрекет еттім. Бұл — өз әскери борышымды адал орындау. Мен мықты ұжымның бір мүшесі болғаныма мақтанамын.

Әскери қызметшінің ішкі дайындығы бір ғана бұйрықпен қалыптаспайды. Ол-күнделікті оқу-жаттығу, жағдайларды талдау, кез келген тәуліктік кезекшіліктің кәсіби сынаққа айналуы мүмкін екенін түсіну арқылы шыңдалады.

Қымбат Иманғали, Руслан Абугалиев