Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері Қытай Халық Республикасында өткен «World Vocational College Skills Competition 2025» халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында қола медальға ие болды. Жеңімпаздарды Өскемен әуежайынан оқытушылары мен ата-аналары, туған-туыстары қарсы алды.

Аталған чемпионат техникалық жоғары оқу орындары үшін кадр даярлау саласындағы ең ауқымды додалардың бірі. Биыл чемпионатқа 76 елден 33 мыңнан астам қатысушы, 8956 команда жиналды. Қазақстан атынан «Лу Бань» шеберханасының студенттері қатысып, жоғары нәтиже көрсетті.

Асия Машекенова, Д.Серікбаев атындағы ШҚУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

Біздің студенттер халықаралық сайыста жоғары нәтиже көрсетті.Мықты екендіктерін дәлелдеді. Алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген ойдамын. Бұл студенттер қатысып отырған алғашқы ауқымды дода. Қытайлық әріптестеріміз бен әділ-қазы мүшелері студенттердің алар асуы әлі алда екендігі айтып, жоғары бағасын берді.

Бұл жетістікке жету жолында «Лу Бань» шеберханасының рөлі ерекше. Ол университет базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Тяньцзинь кәсіптік институтының қолдауымен құрылған. Шетелдік білім беру филиалдары, бірлескен шеберханалар және халықаралық дайындық бағдарламалары қазіргі таңда бәсекеге қабілетті инженер кадрларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Мұрат Мұздыбаев, Д.Серікбаев атындағы ШҚУ профессоры:

Бұл жарысқа 2 жыл дайындалдық. Бүгін жемісін көріп отырмыз. Чемпионат талаптары жарияланған кейін бірден дайындықты бастап кеттік. Финалда 6 команда өзара кім мықтыны анықтады. Әр команда өз бағытының үздіктері. Жеңіске жеткенімізді естігенде қуанышымда шек болмады. Шынымен де жастар бұл жеңіске лайық.

Халықаралық додадан жүлдемен оралған жас өрендерді Өскемен әуежайында ата-аналары, оқытушылары мен достары қошеметпен қарсы алды.

Эрика Шунакова, ата-ана:

Мен чемпионатты тікелей эфирден көрдім. Балам үшін, команда үшін жанкүйер болдым. Қобалжыдық, қуандық. Әрине мен біздің жастар жүлдегер атанатынына сенімді болдым.

Бұл жетістік өңір абыройын асқақтатып қана қоймай, жас студенттердің алға ұмтылуына жол ашады.

Анасыр Мейрашев, «Лу Бань» шеберханасының жетекшісі:

Финалға өттіңдер деп айтты. Сол кезден бастап, біз финалға дайындықты бастап кеттік. 3-4 күндей. Құрал-жабдықтарымыздың барлығын жарыс өтетін жерге апарып, жақсылап дайындалып, жарысты өткізіп келдік. Біз үшін, ел үшін үлкен жетістік.

Бұл жетістік еліміздегі техникалық білім сапасының артуын, халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал етеді. Әрі ғылыми жобалардың тиімді жүзеге асып жатқанын айғақтайды.

Сая Жарасқызы