Жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Аймақта пешпен жылынатын жер үйлерге улы газды анықтайтын датчиктер орнату белсенді жүріп жатыр. Құтқарушылар үй-үйді аралап, пеш пен мұржаның қаншалықты талапқа сай екенін тексеріп шықты. Мамандар әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылардың баспанасына осындай құрылғыны орнатуда.

ШҚО ТЖД мәліметінше, өңірде әлеуметтік осал топ санатындағы, көпбалалы, жалғызбасты зейнеткерлер тұратын 2700-ден астам үй бар. Құтқарушылар осы үйлерге жергілікті атқарушы орган өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлерімен бірлесіп улы газды анықтайтын датчиктерді орнатуды қолға алған.

Анастасия Скляр, ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

Әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар басты назарда.Дегенмен, тексеріс жұмыстары барысында пешпен жылытылатын үйлер түгелдей қамтылады. Бұл шара - Облыстық ТЖД мен әлеуметтік қорғау қызметінің, соның ішінде “Жанұя” отбасын қолдау орталығының бірлескен жұмысы.Рейд нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған үйлер анықталды.

Жылыту маусымы басталғалы 20 мыңнан астам профилактикалық тексеріс жүргізіліп, 9 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелген. Құтқарушылар улану дерегінің басым бөлігі жер үйлерде пеш пен мұржаның талапқа сай болмауы салдарынан болғанын айтады.

Фатима Тілейханқызы, Алексей Сафонов