Өскеменде «Үміт» балаларды қолдау орталығының директоры Майра Бейсеқановаға арналған кеш өтті. Жарты ғасырдан астам уақытын бала тәрбиесіне арнаған Майра Баймұханқызы талай жеткіншекке мейірімін төгіп, өмірге деген сенім ұялатты. Сондықтан да оның есімі бұл орталықтың әр түлегі үшін ананың мейірімін білдіретін қастерлі атқа айналды.

Елу жыл - кез келген мамандық үшін аз уақыт емес. Ал күн сайын балалардың сезімтал әлемімен бетпе-бет келетін салада бұл тіпті үлкен белес. Осы уақыт ішінде Майра Баймұханқызы мекемені басқарумен ғана шектелген жоқ - ол әр балаға ана жылуын сезіндіре білді. Облыс тұрғындары үшін оның есімі таңсық емес. Бәрі ел есінде. Кеш иесінің мерейтойына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев арнайы келді.

Ербол Нұрғалиев, ШҚО әкімінің орынбасары:

Майра Баймұханқызының еңбегі бір ғана орталықтың шеңберімен шектелмейді. Жылдар бойы ол балалар құқығын қорғау бағытындағы көптеген бастамалардың дамуына ықпал етіп келді. Бүгінде ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, білім беру ісінің үздігі, «Балбөбек» бағдарламасының бірлескен авторы және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Мейірімі мен парасаты үндескен осындай жандар бүгінгі қоғамның алтын діңгегі. Оның ой-пікірі мен тәжірибесі кәсіби ортада да, қоғамдық ұйымдар арасында да жоғары бағаланды.

Майра Бейсеқанова, «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры:

Әрбір еңбектің өзінің құрметті орны бар. Сондықтан еңбек етіп, ерінбей жұмыс істеу керек. Еден жудық, сыпырушы болдық, даяршы, күтуші, тәрбиеші болдық. Солай 36 жыл тек жетім балалрмен жұмыс істедім. Ең басты біздің арманымыз – жетім балалар болмаса екен. Әрбір бала отбасмында болса екен дейміз. Біз қанша жасасақ та ата-анасындай болмаймыз. Жаңа Қазақстанда ақылды боп, сауатты боп, бізді көркейтетін де, қартайғанда қол ұшын беретін де біздің балаларымыз.

«Үміт» балалар үйінің негізі қаланған сәттен бастап Майра Бейсеқанова - мекеме директоры. Бүгінде қанатының астынан түлеп шыққан шәкірттері түрлі салада жетістікке жеткен. Тәрбиеленушілері оған еркелеп «Үлкен анамыз» деп атайды.

Аружан Иманбаева, «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі:

Біз Майра Баймұқанқызын үлкен анамыз деп атаймыз. Біздің анамыз мейірімді, үлкен жүректі жан. Үлкен анамыз барғұмырын бізге арнап, осындағы әр баланың жүрегіне жылулық пен аналық махаббатынберіп, үміт пен сенім сыйлаған сүйікті анамызға алғысымды айтқым келеді.

Бүгінде орталықтан шыққан талай түлек өмірде өз жолын тауып, толыққанды азамат болып қалыптасса, бұл дер кезінде жанынан табылған жүрегі таза жандардың еңбегі. Майра Баймұқанқызы нағыз басшының, мейірімді және дана адамның үздік үлгісі. Бүгінде елу жылдық мерейтой жарты ғасырлық қажырлы еңбектің жемісі, әрі ұлы ұстазға көрсетілген лайықты құрмет.

Қымбат Иманғали, Руслан Абугалиев