Шығыс Қазақстанда жалпы сомасы 1 трлн. теңгеден асатын 81 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Бұл бастама өңірдің экономикалық өсімдерінің артуына ықпал етеді. Бүгінде өңірде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жолдар жөнделіп, көпірлер қалпына келтіріліп, әуежай құрылысы жүзеге асырылуда. Әсіресе Өскеменнің экологиялық ахуалын жақсартуға басымдық берілуде. Бұл ретте аймақтағы ірі кәсіпоырндармен бірлескен жұмыстар іске асырылып, 25 бақылау бекетін орналастыру қолға алынды. Бұдан бөлек, жылу электр орталықтарын жаңарту және жаңғырту бағытындағы жұмыстар да өз деңгейінде орындалуда. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен брифинг барысында айтылды.

Өңірде әлеуеті жоғары салаларға инвестицция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Айталық жалпы құны 1 трлн. теңгеден асатын 81 жобаны іске асыру жоспарда бар. Қазіргі кезде оның 64 жүзеге асырылуда. Биыл 55 миллиард теңгенің 15 жобасы іске қосылмақ. Оның нәтижесінде 400 жұмыс орыны ашылады. Ағымдағы жылы қыркүйек айында өткен «Altai Invest» форумы жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына серпін берді. Мәселен, шараға 10 елден 300 аса азамат жиналды. Форум нәтижесінде 740 миллиард теңгенің 40 меморандумына қол қойылды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Өңірдің инвестициялық стратегиясы тау-кен металлургия кешенін дамытуды көздейді. Осы мақсатта кен орындарын және басқа да барлау жұмыстары жүргізілген ресурстарды белсенді игеру жоспарлануда. Сол жоспарға сай Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинатын, ал Ұлан ауданында «Alatau Lithium» және Krída Corporation кәсіпорындарын салу жобалары басталады. Сонымен қатар, өңірде техногендік әдіспен шикізат өндіру дамып келеді. Бұл бұрын қолжетімсіз болған қорларды айналымға енгізуге және ескі қалдық сақтау қоймаларынан бағалы металдарды өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан атом энергетикасы үшін отын жеткізушілердің алдыңғы қатардағы ұстанымын нығайтуда: «Ульба-ТВС» кәсіпорны отын жинақтарын өндіру бойынша жобалық қуатқа жетті.

Брифинг барысында өңір экологиясына қатысты сұрақтар легі де көп болды. Бүгінде экологиялық қауіп-қатерді азайту үшін өңірлік атмосфералық ауа мониторингі бағдарламасы аясында 25 бақылау бекетін орналастыру жобасы іске асырылуда. Алдағы уақытта платформа өнеркәсіп кәсіпорындарында орнатылған датчиктерді интеграциялау арқылы кеңейтіліп, ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейтеді. Барлық бірінші санатты нысандарда шығарындыларды автоматтандырылған бақылау жүйелері орнатылған. Ірі кәсіпорындармен қолайсыз метеожағдайлар кезінде өзара әрекет етуге бағытталған меморандумға қол қойылды, Қоғамдық бастамаларды үйлестіру және азаматтардан ұсыныстар қабылдау бойынша «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы жұмыс жүргізуде. Бюро құрамына тәжірибелі экологтар, қоғам өкілдері және мемлекеттік органдар қызметкерлері бар.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сондай-ақ жеке секторды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз. Бізде пешпен жылытылатын 36 000 жеке үй бар және олардың шығарындылары барлық шығарындылардың шамамен 10% құраса, өнеркәсіп орындары 32%, автокөліктер 58-59% құрайды. Енді біз электрлі және экологиялық таза көліктердің инфрақұрылымын дамытқымыз келеді.

Бұдан бөлек, өңірде инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мұның барлығы халықтың сапалы өмір сүру деңгейін жақсарту бағытында жасалып жатқан қадамдар. Атап айтсақ, бүгінде «Майқапшағай» және «Уба» кедендік өткізу пункттері мен бес теміржол вокзалы жаңартылуда. Өткен жылдан бері Өскемен-Мәскеу, Новосібірге халықаралық рейстер ашылды. Ал келесі жылдан бастап Қытайға жаңа әуе бағыты іске қосылады. Алдағы уақытта «Өскемен – Алматы» бағыты бойынша тальго теміржол рейсін іске қосуға дайындық жүргізілуде. Мәселен, биыл 856 шақырым жол жөнделіп, оған 98 млрд. теңге қаражат жұмсалды. «Талдықорған – Өскемен» және «Өскемен – Семей» жобалары аяқталды, «Өскемен – Рахман қайнарлары» және «Қалбатау – Майқапшағай» жобалары жүзеге асырылуда. Келесі жылдан бастап «Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» трассасындағы Уба өзеніндегі апатты көпірді қайта құру жұмыстары басталады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Биылғы жылдың наурыз айынан бастап, жаңа көпірді салу бойынша жобалық -сметалық құжаттама даярлану үстінде ол көпірдің ұзындығы 800 метр болады. 6 жолақты жол және ол көпір Серікбаев көшесі арқылы өтетін сонымен семей-алматы республикалық жолы арқылы өтетін машиналарға бірінші кезекте өте ыңғайлы болады.

Сондай-ақ халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін төрт мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз ететін сегіз жаңа нысан іске қосылады. Энергетикалық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, қазіргі таңда тұрғындардың 97 пайызы интернетке қол жеткізген. Биыл тағы 56 ауыл қосылса, қалған 66 шағын елді мекен 2027 жылға дейін қосылады.

Салтанат Кеңесбекқызы