Ішкі көш-қон бағдарламасы мемлекет қолдауымен жемісті жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, оңтүстіктен шығысқа қоныс аударғандар саны артқан. Бұл бағдарлама жұмыс күші тапшы өңірлердің тіршілігін қайта жандандырады деген үміт бар. Бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бастама аясында қоныс аударушыларға әлеуметтік қолдау пакеті ұсынылады. Атап айтқанда, жұмысқа орналасу және баспана алуға жағдай жасалған.
Бұл-небәрі екі жүзге жуық тұрғыны бар аядай ғана Ақбұлақ ауылы. Мұндағы халықтың негізгі күнкөріс тіршілігі – мал шаруашылығы. Бұдан бөлек, ауылға жақын орналасқан пайдалы қазбаларды өндіру кәсіпорны да жұмыс істеп тұр. Ал, Қызылорда облысынан жуырда көшіп келген Аскаровтар отбасы Ақбұлақ орта мектебінде қызметтерін атқарып жүр. Марқакөлдіктер ауданға көшіп келген отбасыларды ерекше қуанышпен, құшақ жая қарсы алған.
Айгерім Сахиева, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
«Enbek kz» порталы арқылы жұмыс қарадым. Соның ішінде арнайылап ШҚО-ын таңдадым. Бос жұмыс орындарының ішінде осы Марқакөл ауданындағы «Ақбұлақ орта мектебі» бос вакансия жариялапты. Жолдасым – дене шынықтыру пәні мұғалімі, өзім – бастауыш сынып мұғалімімін. Бос ваканцияға резюме жіберу барысында осы мектептің директоры сұхбаттасу барысында резюмемді қабылдағанын айтты. Сол 1 аптаның ішінде біз үлкен шешім қабылдап, жолға шықтық. Ұжымдастар, ауыл азаматтары құшақ жайып қарсы алды.
Айгерім Сахиеваның жұбайы Ақтілек Асқаров әр сабағына ерекше ынтамен дайындалады. Ақбұлақ орта мектебінде 22 оқушы білім алады. Бірақ, көпшілігінің спортқа деген қызығушылығы жоғары. Соның арқасында жас маман олардың қабілетін ашып, түрлі жарыстарға дайындауға мүмкіндік алып отыр.
Ақтілек Асқаров, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
Балаларды спортпен айналасуға, алдағы уақытта белігілі бір маман болып шығуға тәрбиелеп жатырмыз. Яғни, өз әр баланың қызығушылығы бар. Қазіргі уақытта балаларды волейболға, баскетбол, футболға және қазақттың ұлттық спорттық ойындарына дайындап жатырмыз. Өзім алға қойған мақсатым – мұғалімдікті ары қарай жалғастырып, белігіл бір жақсы ұстаз болып шығу.
Жас отбасыға мемлекет те, жергілікті тұрғындар да жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Үй сатып алу кезінде оның жалпы құнының 50 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен төленген. Бүгінде Ақбұлаққа көші-қон бағдарламасы аясында көшіп келген 5 отбасы тұрақтап отыр. Биыл аймақта төрт пилоттық жоба қолға алынған. Соның бірі – Марқакөл ауданы. Оның ішінде Ақбұлақ, Марқакөл, Боран, Қарой, Қазақстан, Қалжыр және Қарашілік ауылдары бар. Жұмыс төрт бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Бизнес ашуға арналған гранттар беру, мектеп бітірушілерге мақсатты білім гранттарын бөлу, «Оңтүстік–Шығыс маманы» пилоттық жобасы аясында жеңілдетілген тұрғын үй несиелері, сондай-ақ «Құтты өңір» жобасы арқылы үйлерді қалпына келтіруге бизнес өкілдерінің атсалысуы.
Мадина Сабранова, Марқакөл ауданының «Мансап» орталығы директоры:
Аудан ашылғалы «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қоныс аудару бағдарламасымен жалпы Марқакөл ауданына 2024–2025 жылдары 79 адам, яғни 15 отбасы қоныс аударды. Соның ішінде 60-ы Ақбұлақ ауылын таңдады. Көбіне Қызылорда, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан келген азаматтар.
Марқакөл ауданындағы кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров та қоныс аударған азаматтарға белсенді түрде көмек көрсетіп жүр. Ол олардың жаңа ортаға бейімделуіне жәрдемдеседі. Үйлерін жөндеуден өткізу, көмір жеткізіп беру сынды істерге қол ұшын береді.
Бауыржан Жауғашаров, кәсіпкер:
Мемлекеттің бағдарламасы өз алдына, біз қоғам тарапынан, бизнес тарапынан көшіп келгендерге алғашқы көмектерін жасап жатырмыз. Бизнес тарапы көмірін алып беріп жатса, шаруа қожалықтары еттерін дайындады. Ауылдастары керек-жарақтарын, ауылдастар, тумалар бірігіп көмек жасадық. Президентіміздің айтқаны бар: «Азаматтар ең бірінші туған жеріне көңіл бөлуі керек. Ал, біздер меценаттық жауапкершілік идеологиясын қалыптастырып, өркениетті қоғам құрамыз» деген. Сол сөз бізге түрткі болып, ауылды сақтап қалу жолында жұмыс жасап жатырмыз.
«Көп түкірсе – көл», демешкі мемлекет, жергілікті тұрғындар және жанашыр кәсіпкерлердің ортақ еңбегі қоныс аударған азаматтардың жаңа ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік беріп отыр.
Фатима Тілейханқызы