Аймақта ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына үлес қосып жүрген мыңдаған еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Толығырақ келесі сюжетте.

Биыл аймақтағы аграрлық саланың көрсеткіші тұрақты өсімге ие. Егін жинау науқаны сәтті аяқталды, дейді шаруалар. Майлы дақылдардың өнімділігі гектарына 20 центнерден асып, 537 мың тонна өнім алынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артық. Шаруаларға қолдау ретінде «Кең дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 5 пайыздық мөлшерлемемен 14 млрд теңгеден астам қаржы шаруашылықтарға бағытталған. Мал шаруашылығында да оң динамика бар. Сүт өндірісі 10 пайызға, ірі қара 3 пайызға, жылқы 4 пайызға, ал құс саны 1,5 пайызға артқан. Алтай ауданында мың басқа арналған жаңа сүт-тауарлы ферма іске қосылса, тағы 600 басқа арналған шаруашылықты жаңғыртуға мемлекеттен қолдау көрсетілді.

Дариға Исабаева, жеке кәсіпкер:

Марал бағу оңай емес шаруа. Бірақ, туризм дамуы бізге марал бағуға мүмкіндік беріп жатыр. Марал киелі жануар дейді. Маралды бағып қағу 12 ай бірақ, жемісін көретін 3 ай.сондықтан, Аллаға шүкір мүмкіндіктер бар.

Қайта өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді. Ет өндірісі 81%-ға, өсімдік майы – 28%-ға, ұн – 20%-ға, сары май – 15%-ға, балық – 11%-ға, кондитерлік өнімдер – 13%-ға, ірімшік пен сүзбе – 8,7%-ға өсті. Қайта өңделген өнім экспорты 70%-ға дейін ұлғайды. Зайсан ауданының бұл салада ауыз толтырып айтар жетістіктері жетерлік.

Ермек Қорабаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

Зайсан ауданында 1500-ге таяу шаруашылық кәсіпорындар бар. Осы өнімдерді әкелдік. Өте танымал. Мысалы Миглиор суы, ауылшаруашылық өнімдері, сонымен қатар шұжықтар тек қана облыста ғана емес, Республика көлемінде, шетелге де сатылуда. 

Шарада өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері қойылды. Басым көпшілігі мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткендер.

Әсел Мырзашева, жеке кәсіпкер:

2023 жылы грант алып, осы консервілеуді бастап, 2 жыл болды істеп жүрмін. қияр әкелдік, компот, квашенная капуста, салаттарды әкелдік. 

Раушан Сейітбекқызы, жеке кәсіпкер:

2024 жылы қайтарымсыз грант алдым 400 МРП көлемінде. Соған кішкентай цех аштым. Шұжықтар мен құйрық май, қазы, тушонка басында жасағанбыз, негізінен шұжық.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов сала қызметкерлеріне алғыс айтып, өңірдің дамуына қосқан үлестерін ерекше атап өтті. Мерекелік жиында 50-ге жуық қызметкердің еңбегі еленіп, төсбелгі, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мерекелік шара ауыл еңбеккерлерінің қоғам үшін атқарып отырған маңызды рөлін тағы бір дәлелдеді. Сала мамандары алдағы уақытта да өңір экономикасын дамытуға тың серпін беруге ниетті.

Қымбат Иманғали