Өскеменде үміт пен білімді ұштастырған жаңа буынның тартысты ойыны – «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысы өтті. Бұл жолы додаға әр ауданнан іріктелген ең алғыр, дарынды 30-дан астам оқушы жиналды. Білім додасы жайлы әріптесім тарқатсын.

Дәстүрлі шара бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар логикалық тапсырмаларды орындап, білімдерін сынға салды. Әсіресе жылдамдықты талап ететін кезеңде оқушылардың тапқырлығы анық байқалды.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар логикалық сұрақтарға жауап берді. Тесттік айналымнан өткен 10 оқушы іріктеліп, блиц-турнирге жолдама алды. Ал блиц-турда қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап берді. Осылайша жас зияткерлер өз білімін ғана емес, ойлау-қабілетін, шешім қабылдау машығын көрсетті.

Әлима Ақылбек, Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл зияткерлік сайыста біздің оқушыларымызға барлық бағыт бойынша мектеп бағдарламасындағы өздерінің интеллектуалдық, логикалық ойлары бойынша сайысатын болады. Райондардан 35-тен артық оқушы келді.

Әр ауданнан келген сайысқа қатысушылар өз білімдері мен шеберліктерін ортаға салып, жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылды. Солардың бірі - Үлкен Нарын ауданы, Қабдөш Дамитов атындағы орта мектебінен келген 11 сынып оқушысы Фариза Әлібекқызы. Ол осы сайысқа алғаш рет қатысып отыр.

Фариза Әлібекқызы, Қ.Дамитов атындағы орта мектебінің оқушысы:

Биологиядан профаза, селофаза сияқты болды. Күйлердің авторы, әр түрлі сәулет өнерінің аттары болды. Химиядан формулалар келді. Алгебра, физикадан есептер келді. Географиядан да сұрақтар болды, әскери іс негіздерінен құқығы сияқты болды.

Ал Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Ақерке Төлеухан француз тіліндегі сөздің қазақша аудармасындағы баламасын табу қиын болғандығын айтады.

Ақерке Төлеухан, Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы:

Францияда бір танымал серік бар екен. Оның аты жазылған. Қазақша қандай мағынаны білдіреді деген сұрақтар болды. Мен үшін жаңадан ақпарат болды. Мен оны келесіде іздейтін боламын.

Зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша 19 қатысушы жүлдегер атанды. І-ші және ІІ орынды бес оқушы иеленсе, ІІІ орынды – 9 оқушы қанжығасына байлады. Екінші айналымның қорытындысы бойынша үздік 5 қатысушы анықталып, республикалық кезеңге жолдама алды. Сайыстың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына дипломдар, сертификаттар табысталды.

        Аяулым Усинова