Такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, 58 950 теңге көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл туралы Өскемен қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары аймақтағы азаматтармен кездесу барысында айтты. Ашық сұхбат форматында өткен шарада салалық басқарма өкілдері жеке кәсіпкер мәртебесін алу, заң талаптарын сақтау жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі таңда облыс орталығында заң талаптарын сақтап, такси қызметін жүзеге асырып жүрген азаматтар жетерлік. Солардың бірі - Асылбек Тоқаев. Ол бұл салада 1993 жылдан бері еңбек етіп келеді. Соңғы төрт жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, Күршім–Өскемен бағытында жолаушы тасымалын заңды түрде жүзеге асыруда. Жеке кәсіпкер мәртебесі зейнетақы мен медициналық аударымдарды уақытылы жүргізуге, жұмысты ашық әрі талапқа сай орындауға мүмкіндік береді, дейді ол.
Асылбек Тоқаев, жеке кәсіпкер:
Осы төрт жыл бұрын ИП ашып алғанмын таксиге. Сонымен нәпақамызды тауып жүрміз. Енді айтарым сол азаматтарға ИП ашып, осындай таксиде қорғанбай жүре берсін деп ойлаймын. Бәрі өзіне керек дүниеғой бұл. Пенсионный отчеслениесі болсын, медицинский отчеслениесі болсын барлығы әр адамға керекті құжаттар. Сол үшін барлығы өту керек деп ойлаймын. ИП ашып таксиге өткені дұрыс деп ойлаймын. Любойы чек сұрайды. Барғанан кейін проездға биллет бер дейді. Онысын да беріп қызметімізді атқарып жатырмыз.
Облыс орталығындағы мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері салық заңнамасындағы өзгерістерді тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда мамандар такси жүргізушілеріне жеке кәсіпкер мәртебесін алу талаптары жөнінде ақапарат беруде. Департамент қызметкерлері жеке кәсіпкер санатын алу тетігі барынша жеңілдетілгенін айтады. Қызметті онлайн форматта алуға болады. Ол үшін e-Salyq Business, eGov немесе банк қосымшасында қажетті деректерді толтырып, қызмет түрі мен салық режимін таңдау қажет. Табыс көлеміне қарай патент немесе оңтайландырылған декларация бойынша қызметті ұйымдастыруға болады. Мәселен, патентті-жалдамалы қызметкері жоқ және жылдық табысы 13 млн. теңгеге дейінгі кәсіпкерлер, ал оңтайландырылған декларацияны 30 адамға дейін жұмыс күші бар, жарты жылдық табысы 88 млн. теңгені құрайтын тұлғалар қолана алады.
Шыңғыс Сайрамқан, ӨСКЕМЕН Қ. мемлекеттік кірістер басқармасының жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы:
Тұрғындар тасымалымен айналысатын жүргізушілер заң бойынша міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Тіркелмегендерге айыппұл қарастырылған. Қазіргі таңда тіркеу eGov порталы немесе банктердің қосымшалары арқылы жүргізіледі. Бүгінде барлық таксопарктер жеке кәсіпкер мәртебесін алуды талап етеді. Себебі, тіркелмеген азаматтарға заң бойынша тасымалмен айналысуға болмайды.
Салық органдары тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысу деректерін анықтау бойынша жоспарлы мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде бірқатар азаматтардың қызметті рұқсатсыз немесе міндетті хабарламасыз іске асырғаны анықталған. Осыған байланысты жауапты мамандар заңнама талаптарын сақтау қажеттігін ескертеді.
Бақытжан Жұмаділов, ШҚО бойынша кірістер департаментінің камералдық бақылау басқармасының бөлімінің басшысы:
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 465 бабының бірінші тармағына сәйкес 38 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған бап бойынша құқық бұзушылық анықталған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде яғни 58 950 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл жайт бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 30 АЕК дейін. Бұл 117 960 теңгені құрайды. Сонымен қатар мұндай қайталанған құқық бұзушылықтар бойынша материалдар іс жүргізу үшін сотқа жолданады
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген такси жүргізушілері өз жұмысын заңға сай ұйымдастырып, қызмет көрсету сапасын арттыра алады. Бұл тәжірибе саланың ашықтығы мен сенімділігін күшейтеді және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ