Бүгін облыс орталығында жаңа жылжымалы экологиялық зертхана таныстырылды. Заманауи құрылғы ауа сапасын жедел бақылауға мүмкіндік береді. Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысты.

Заманауи жабдықтармен қамтылған зертхананың құны 65,5 млн теңге. Оны алуға Halyk Bank демеушілік көрсеткен. Бұл Өскемендегі ауа сапасына мониторинг жүргізу ісін дамытуға сеп. Сонымен қатар, қала тұрғындарының экологиялық қауіпсіздігін арттыруда маңызды қадам.

Тілеген Маткенов, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары:

Өскемен қаласы үшін ауа сапасы маңызды мәселелердің бірі. Әкімдіктердің бұл бағытта түрлі шараларды қолға алып жатқанынан да хабардармыз. Бұл экологияны қорғау бағытындағы жұмыс.

Су жаңа экозертхана барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ауадағы негізгі ластаушы компоненттерді талдауға мүміндік береді. Өлшем нәтижелері дер кезінде кәсіпорындарға, табиғатты қорғау прокуратурасына және тиісті қызметкерлерге жіберіледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі :

Желдің қай бағыттан келіп жатқанын шығарындылардың қай жерде орын алайын деп тұрғанын көріп сол жерде қажетті зерттеу жұмыстарын машинаның ішінен шықпай жүргізе береді. Бұл қаламыздың экологиялық сұрақтарын бірқалыпты жағдайға түсіру аясында үлкен қадам болып отыр.

Экологтардың айтуынша, жылжымалы зертхананың пайдасы зор. Мониторинг жүргізу мүмкіндіктері ұлғайып, экологиялық бақылау күшейтілмек.

Әсет Сүлейменов, ШҚО бойынша экология департаменті басшысының м.а. :

Бәріміз білеміз біздің облысымыз өнеркәсіптік облыстардың қатарына енеді. Облыс орталығында Өскемен қаласында Казцинк кәсіпорыны бар, Титан магний комбинаты бар. Қаламызда екі ЖЭО бар соған байланысты ауаның ластануы бойынша тұрғындар тарапынан көп сұрақтар туындайды.

Мамандар осыған дейін ауа сапасының әрбір көрсеткішін жеке өлшеген. Бұл жұмысты қиындатып, уақытты алған көрінеді. Енді жаңа жылжымалы зертхананың күшімен барлық қажетті мәліметтерді дер кезінде ала алады.

Фархат Кінәсілов, ШҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

Мысалы үшін бұрыңғы біздің осындай жабдықтарымызда біз әр конц.кезек-кезек өлшейтінбіз, бұның арқасында біз бірнеше концетрацияны өлшеуге мүмкіндік берді. Ол азот тұтығы, тұз қышқылы, көмір су тегі т.б.

Еске сала кетейік, Halyk Bank облыстағы бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. Биыл банк облыстық ауруханаға 12,6 млн теңгеге қызметтік көлік табыстады.

Гүлдана Айдарқызы