Белоусовка кентінде 30 жыл бойы мәдениет үйі болмаған. Өнерпаздар да, тұрғындар да мәдени шараларды мектеп ғимараттарында, шағын залдарда өткізіп келген. Кентте енді бұл мәселенің түйіні шешіліп, көптен күткен жаңа мәдениет ошағы бой көтермек.

Биыл кентте жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды. Жауапты мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары келесі жылы толық аяқталып, нысан халық игілігіне беріледі. Бұл ауданның мәдени өмірін жаңа деңгейге шығаратын маңызды нысан болады деп күтілуде.

Кенттегі құрылыс алаңында жұмыс қызу. Жаңа мәдениет үйінің іргетасы қаланып, мердігер компания белгіленген мерзімге сай жұмыстарды жалғастырып жатыр. Көпфункционалды мәдени кешеннің ішінде 150 орындық көрермен залы және түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер орналасады.

Мәдениет үйі – руханияттың алтын бесігі. Халықтың өнері мен өркениеті тоғысатын рухани орда кентте бой көтерсе, ұлттық дәстүр жаңғырып, жаңа бастамаларға жол ашылады. Әр шара, әр концерт, әр кездесу арқылы ел руханияты шыңдалып, аймақтың тынысы кеңейеді дейді, - Белоусовка кентінің әкімі Анатолий Ташниченко.

Анатолий Ташниченко, Белоусовка кентінің әкімі:

Бұл біздің кенттегі әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі. Кентте 30 жылдай мәдениет үйі болмаған. Тұрғындар әр мерекелік кештерді мектептерде өткізіп келген еді. Енді ұзақ жылғы мәселе игі шешімін тауып отыр.

Мәдениет үйінің құрылысын «Финтэк Астана» ЖШС іске асырып жатыр. Жұмыстың көлеміне байланысты мұнда 15-тен 25-ке жуық жұмысшы еңбек етеді. Мердігер мекеме нысанды уақытында қолданысқа беру үшін бар күшін салуда.Учаске бастығының айтуынша, қажетті материалдар жеткілікті, уақтылы жеткізіліп отырады. Нысанның құрылысын салуда сапасына ерекше көңіл бөлініп, қауіпсіздік талаптары толық сақталуда.

Райымбек Байгудинов, учаске бастығы:

Корпус салынып жатыр. Сващиктер істейді, каменщиктер істейді, плотниктер істейді және бетонщиктер жұмыс істеп жатыр. Административный жағын кірпіш қалап болып қалдық. Енді мына зрительный зал дейді сол жағы мен танцевальный жағына кірпіш қалаймыз. Оның бәрін сварщик жұмыстарын бәрін дайындап қойдық.

Ал тұрғындар жаңа мәдениет ошағы ауданның рухани дамуына серпін береді деп отыр. Нысан іске қосылғанда кенттегі шығармашылық ұжымдардың жұмысы жандана түспек. Мәдени шаралар енді кең, жайлы, кәсіби сахнада өтетіндігіне дән риза. Солардың бірі - Любовь Дружинина.

Любовь Дружинина, Белоусовка кентінің тұрғыны:

Мен осы кентте тұрғаныма 50 жылдан асты. Кентте болған әрбір өзгерісті басымнан өткердім. Ауданымыз қарқынды дамып келеді, жолдар асфальтталып, жарықтандырылды. Жаңа мектеп салынды. Осы тізімді әрмен қарай жалғай беруге болады. Біз үшін ең қуанышты жаңалықтың бірі - жаңа мәдениет үйінің салынуы. 30 жыл күттік. 10 мыңға жуық тұрғыны бар кентіміз өнерлі де талантты жастарға бай.

Көптен күткен мәдениет үйінің ашылуы аудан өміріндегі маңызды қадамдардың бірі болмақ. Тұрғындардың мәдени өмірін жаңа белеске көтеретін нысан құрылысының аяқталуын мұндағы әрбір тұрғын асыға күтуде.

  Аяулым Усинова