Шығыс салбурыны алдағы уақытта Азия чемпионаты ойындарының бағдарламасына енгізілуі мүмкін. Бұл туралы фестивальдің қорытындысы ретінде көпшілікке ұсынылған фотокөрмеде Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Маделхан Піржанов айтты.

Қымбат Иманғали, тілші:

 Бұл көрмеге 30-жуық фотографтың жұмысы қойылған. Әр туынды өзінше ерекше. Мәселен мынау Мерей Қайнарұлының туындысы «Бір сәт – бір мезгіл» деп аталады. Қазақ жігіті мен дала қыранының арасындағы байланысты тілсіз ақ түсіндіріп тұрғандай.

Көрме Ұлан ауданының әкімдігі және «Шығыс фотокөрмесінің» бастамасымен «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында ұйымдастырылды. Салбурынды дәлме-дәл сипаттайтын көрме биыл екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бүркітшілердің шалт қимылын, әсемсал табиғатты, дала саңлақтарының тұтас болмысын дәл бейнелеген туындылар көпшілікті таңқалдырды. Қазақтың бай мәдени мұрасын көрермендерге жақыннан таныстырған суреттер бір айға жуық облыстық кітапхана фойесінде тұрады.

Мерей Қайнарұлы, ҚР Журналистер Одағының ШҚОФ төрағасы:

Былтырғы бір сұхбатымда айтқам, бұл дәстүрлі жобаға айналады деп. Қазақ барда, бүркіт барда бұл фотокөрмеде өлмейді. Алдағы уақыттарда осының барлығын жинап, «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» жинақтап шығарсақ нұр үстіне нұр болады. Фотокөрме үшін 30 емес одан да жоғары болса жақсы болар еді, өкінішке орай бізде ондай галерея жоқ.

Көшпелі мәдениеттің қайталанбас атмосферасын сезінуге мүмкіндік берген шараға Бозанбай ауылының бүркітшілер әулеті де арнайы шақырту алды. Қыран баптаудың қыр-сырын жастайынан меңгерген өрендер арасында Айзере Марксқызы көпшілікке жақсы таныс. Ол биыл қолға үйретілген жас қыранымен алдағы жарыстарға қатысып, жүлдегер атануды мақсат етіп отыр.

Айзере Марксқызы, жас бүркітші:

Мынау менің бүркітім, 2 жасар. Есімі – Нарқыз. Биылғы қолға түскен түзбүркіт. Бұйырса қыраныммен аңға шығып, жарыстарға барамыз. Жүлделі орындарға ие боламыз деген үлкен ниет бар.

Алғашқыда 13 қана бүркітшінің қатысуымен басталған фестиваль 5 жыл ішінде халықаралық дәрежеге ие болды. Мәселен, биыл додаға 7 мемлекеттің құсбегілері келіп қырандарының бабын байқап, тазының тақымын аштырды.

Маделхан Піржанов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:

Шығыс салбурыны фестивальі жылдан жылға дамып, көлемі, ауқымы кеңеюде. Сонымен қатар осы фестивальді алдағы жылы Азия чемпионаты немесе Азия кубогі ретінде ретінде өткізуді жоспарлап, қазіргі кезде федерациямен, спорт басқармасымен, әкімдікпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оған біздің барлық мүмкіндігіміз, тәжірибеміз жетеді деп есептейміз.

Ұлан аудандық мәслихатының депутаты, ұлттық өнердің жанашыры Нұртай Тілеужанұлы, жылда дүркіреп өтетін салбурынды тарихқа қаттап, болашаққа сақтауда фототілшілердің еңбегі зор екенін атап өтті. Қыран қалықтаған фестивальде сәтті кадр іздеп, шараны насихаттап, байырғы дәстүрді бүгінге жеткізіп жүрген фототілшілер мен бүркітшілерге Алғыс хаттар табысталды.