Мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған жаңа цифрлық жоба іске қосылды. Бірінші желтоқсаннан бастап еліміздің барлық өңірлерінде «Qarzhy Saqshysy» атты білім беру компьютерлік ойыны өткізіліп жатыр. Аймақта да бұл бастама қолға алынды. Жоба жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттырып, қаржы пирамидалары және өзге де алаяқтық түрлерінен сақтану жолдарын үйретеді.

1–15 желтоқсан аралығында өтетін бағдарламаға 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар балаларды цифрлық қауіп-қатерден қорғаудың тиімді жолы. № 41 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары да бұл ойынға белсенді қатысып, түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындады. Олар қосымша арқылы алаяқтықтың түрлерін тануды, күмәнді ұсыныстарға қалай жауап беру керегін тәжірибе жүзінде меңгеріп жатыр.

Айзада Мархабатқызы, мектеп оқушысы:

Мұнда математикалық олимпиадалар болып жатыр. Тест жауаптар, сұхбат түріндегі ойындар мұнда бар. Ең алдымен бізде маңыздылығы – өзіміздің қауіпсіздігіміз, қаржылық сауаттылығымыз. Себебі, келешекте осының барлығы басымыздан өтуі мүмкін. Осындай сынақтарға, қиындықтарға дайын болу керекпіз деп ойлаймын.

Ойын барысында оқушылар күмәнді келісімшарттар, күнделікті өмірде жиі кездесетін фейк-хаттамалар мен жалған сілтемелерді ажыратып, интернеттегі күдікті ұсыныстарға сақ болуды үйренеді.

Алина Самархан, ШҚО бойынша экономикалық тергеп – тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі :

Бұл «Qarzhy Saqshysy» ойыны арқылы студенттер, оқушылар қаржы пирамидалары не екенін, дроппердің, цифрлық гигиенаның не екенін біле алатын болады. Жобаны AML Academy мен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен әзірленген.

Бұл жоба аясында интерактивті ойынға 30 мың қатысушыны тарту көзделген. Оның ішінде колледж студенттері 20 мың болса, мектеп оқушылары 10 мың оқушыны құрайды.

Аяжан Әміренова, №41 жалпы орта білім беретін мектеп директорының орынбасары :

Біздің мектебіміздің 10-11 сынып оқушылары өте жоғары қызығушылықпен қатысып жатыр осы ойынға. Қазіргі кезде алаяқтық, дропперлік өте көп. Міне, осындай мәселе, жағдайларға түсіп қалмаудың жолдарын білу және олардың алдын алу оқушылар үшін маңызды деп ойлаймын.

Жоба қорытындысы бойынша аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жеңімпаздар анықталады. Ең жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталмақ.

Фатима Тілейханқызы