11–13 желтоқсан аралығында Сауд Арабиясында киокушинкай каратеден V әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додада ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Жарыста ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды Өскемен әуежайында туған-туыстары мен жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.
Ұлттық құрама сапындағы спортшылар жалпы саны 54 медаль жеңіп алды. Оның 19 алтын, 14 күміс және 21 қола. Осылайша әлем чемпионатынан ел спортшылары жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Диас Ерланұлы, Өскемен қ. дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы:
32 команда қатысты. Қазақстан сборный 1-ші орынға ие болды. 54 медальға ие болды. Жерлесіміз Яковлев Илья мен Щетинина Милана әлем чемпионы атанды. Біз өте қуаныштымыз. Жерлесіміз әлем чемпионы болғанына.
Өскемен қаласындағы «Seiken» клубының сенсейі Илья Яковлев төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, ол ҚР Ұлттық құраманың бас бапкері.
Илья Яковлев, киокушинкай каратеден төрт дүркін әлем чемпионы:
Турнир ауқымды дәрежеде өтті. 750 жарысқа қатысушылар болды. 32 мемлекеттен келген спортшылар бақтарын сынады. 2 күн өтті. Оңай болды дей алмаймын. Намысты қолдан бермедік. Жеңіспен оралдық. Қуаныштымын.
Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында күш сынасқан спортшылар да қарап қалмады. Ел намысын қорғаған Кәкімов Алдияр 2 орынды қанжығасына байлап, жерлестерін қуантты.
Еламан Күсенбаев, Өскемен қ. KWF Карате-до Киокушинкай федерациясының басшысы:
Әлем чемпионаты 2 жылда 1 болатын үлкен жарыс. Командамнан қатысып 2 орын алған 12-13 жас Кәкимов Алдияр. Өте қатты қуаныштымын. Қанша еңбек еттік. Ең бірінші іріктеу турниріне қатыстық. Солай әлем чемпионатына жолдама алған болатынбыз.
Өңір спортшылары жерлестерін алдағы уақытта да жеңістерімен қуанта бермек.
Сая Жарасқызы