Аймақта қысқы кластерді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Алайда, шешілмеген түйткілді мәселелер де жетерлік. Облыс әкімі Нұрымбат Сақтағанов осы саладағы белсенділер мен қоғам өкілдерін жинап, туризм мен қысқы спорт түрлерінің қазіргі ахуалын, алдағы жылға арналған нақты іс-қимыл жоспарын талқылады. Жиында тау-шаңғы базалары мен қонақ үйлерді қайта жаңғырту, спортшыларды даярлау, туристік инфрақұрылымды кеңейту секілді бағыттар қамтылды.

Қысқы маусымда өңірде бірқатар туристік нысан жұмыс істейді. Қонақүй инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Риддерде «Ridder Resort» қонақ үйін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында тікұшақ қонатын алаң салу көзделген. Сонымен қатар, келер жылы 70 орындық «Ridder Inn» қонақ үйін сынақ режимінде ашу жоспарланған. Алтай ауданында «Орел» базасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген, мұнда 60 орындық қонақ үй салынбақ. Жалпы ауданда 11 туристік нысан бар, оның ішінде Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы үш демалыс базасы жұмыс істейді.

Ержан Сембинов, Облыстық туризм және спорт басқармасының басшысы:

Star Dust Camp кешеніндегі жол күрделілігіне байланысты әзірге сынақ режимінде пайдаланылады. Негізінен спортшылардың ұйымдасқан топтарына арналған. Ал «Эдельвейс» кешені қайта жаңғыртылуда. Мұнда 30 орындық қонақ үй жаңартылып, Келер жылы аспалы жолға қатысты жұмыстар толық аяқталады. Бұл шаңғы тебу кезінде жайлылық пен қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Желтоқсан айының басында аспалы жол техникалық тексеруден өткен, қазір тау беткейлерін дайындау және қарды нығыздау жұмыстары жүргізілуде.

Қысқы туризммен қатар, өңір үшін дәстүрлі қысқы спорт түрлерінің дамуы да күн тәртібінен түскен жоқ. Аймақ үшін дәстүрлі қысқы спорт түрлері – шайбалы хоккей, шаңғы жарысы және биатлон. Алайда бұл бағыттардың дамуына заманауи инфрақұрылымның жетіспеуі кедергі болып отыр. Өңірде әлі күнге дейін халықаралық талаптарға сай атыс тирі бар шаңғы-биатлон трассасы жоқ. Мұндай нысанды Риддерде салу жоспарланған. Хоккейді дамыту үшін қолданыстағы ареналардан бөлек, Өскеменде кемінде екі жабық хоккей модулін, сондай-ақ Риддер, Зайсан, Шемонаиха және Глубокое аудандарында да осындай нысан салу қажеттігі айтылды.

Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Өңірде сноуборд бойынша 8 жаттықтырушы жұмыс істейді, 125 спортшы оқу-жаттығу топтарында, 70 спортшы қабылдау кезеңінде, тау шаңғысы бойынша 8 жаттықтырушы, 98 спортшы жаттығу топтарында және сонша спортшы қабылдау сатысында, тау шаңғысы мен сноубордтың базалық қаласы саналатын Риддерде 7 жаттықтырушы 143 спортшымен жұмыс істейді, тағы 100-ден астам бала қабылдануда. Фристайл-могулмен 144 спортшы айналысады, олармен 15 жаттықтырушы жұмыс істейді, тағы 100 бала бастапқы дайындық топтарында.

Оқу-жаттығу үдерісі «9 километр» базасында, «Нұртау», «Алтай Альпісі» және «Эдельвейс» тау-шаңғы кешендерінде өтеді. Ал жаз мезгілінде спортшылар Бұқтырма су қоймасындағы су трамплинінде және батуттармен жабдықталған жеңіл атлетика манежінде дайындалады. Кездесуде қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мәселен, көтергіштердің жұмысына қатысты бірнеше рет ақаулар тіркеліп, оның салдарынан фристайл-могулдан ұлттық құраманың жаттығуларының бір бөлігі Алматы қаласында өткен.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қысқы спорт түрлерін дамыту – өңірлік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. балаларға арналған спорттық жабдықтарды бюджет есебінен сатып алу мүмкіндігін қарастыруды және қажет болған жағдайда республикалық қорлармен бірлесіп жұмыс істеу қажет. Қысқы туризм де назардан тыс қалмауы тиіс. Жақында маусымның ашылуына бардық, жолдың тым тар екені байқалды. Сондықтан «Алтай Альпісі» базасына дейінгі жолды кеңейтіп, кемінде үш көлік қатар өте алатындай ету мәселесін қарастыру керек.

Аймақ басшысы сала мамандарына айтылған барлық ұсыныстарды жинақтап кезең-кезеңімен шешу үшін үш жылға арналған жоспар мен бюджетке енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Қымбат Иманғали