Шығыста әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысы қарқынды. Қазіргі таңда өңірде 21 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және инженерлік инфрақұрылым салаларын қамтиды. Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте салалық басқарма басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаев баяндады.
Қазіргі таңда салынып жатқан 21 нысанның басым бөлігі жоғары дайындық деңгейінде. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына ерекше басымдық берілген — бұл бағытта 8 нысан бой көтеруде. Өскемендегі Гематология орталығы 90 пайызға дайын болса, Риддер қаласындағы көпбейінді аурухана құрылысы 98 пайызға жеткен. Ал ауылдық елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар мен спорт кешендері қатар салынып, өңірдегі әлеуметтік теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Ерназ Мұқатаев, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Спорттық нысандар бойынша да құрылыстар жалғасуда. Үлкен Нарын, Марқакөл, Бозанбай, Айнабұлақ және Ақжар ауылында кешендер салынып жатыр. Айнабұлақ пен Ақжар ауылында нысандар көрсеткіштері 95 пайызды құрайды. Бозанбайдағы дене шынықтыру кешенінде кемшіліктер түзетіліп, тапсырылуға дайындық жүргізілуде.
Биыл жыл соңына дейін 8 әлеуметтік нысан толық пайдалануға беріледі. Олардың қатарында мектептердің спорт корпустары, ауылдық амбулаториялар, спорт кешендері мен МРТ ғимараты бар. Бұл — мыңдаған тұрғын үшін қолжетімді медицина, сапалы білім мен бұқаралық спортқа жол ашады. Жауапты басқарма жобалардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуын қатаң бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.
Ерназ Мұқатаев, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Өзге де жұмыстарға келетін болсақ Жаңа Бұқтырма кентінде жылу жүйелері жаңғыртылуда. Сондай ақ Риддер қаласының 5 ықшам ауданында 600 оқушыға арналған мектептің сыртқы инжинерлік желілері мен көлік тұрағы, мектептерге апарар жолдардың құрылысы жалғасуда.
Аталған нысандардың барлығы өңір тұрғындары үшін ең қажетті қызметтерді қолжетімді етуге бағытталған.
Нұртас Қайролдаев