Облыс орталығында еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді шешуге ықпал ететін алғашқы әлеуметтік-диалог орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа алаң жұмыс берушілер, кәсіподақ ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді қарым-қатынасты дамыту мақсатында құрылды. Орталық «Казцинк» компаниясының қолдауымен ашылды.
Бүгінде өңірде 12 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың басым бөлігін тау-кен және металлургия саласындағы компаниялар құрайды. Мұндай жағдайда еңбек, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы тұрақты пікір алмасу ерекше маңызға ие.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің өңірдің туындап отырған барлық мәселелерін уақытылы дер кезінде шешіп, бастысы жұмысшыларды, оның артында шығыс халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жасайй береміз. Халықтың әл-ауқатын көтеруге бар күш-жігерімізді салатынымызды білдіргім келеді.
Әлеуметтік пікір алмасу алаңы Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының бастамасымен құрылған. «Казцинк» компаниясы өкілдерінің айтуынша, бүгінде бизнес, кәсіподақ арасында өзекті мәселелерді талқылап, оларды бірлесе шешетін алаңдардың маңызы зор.
Жанат Жанботин, «Казцинк» ЖШС бас директоры:
Бұл орталықта жұмыспен қамту, еңбек жағдайы, мамандар даярлау, әлеуметтік тұрақтылық мәселелері формалды түрде емес, нақты жағдайлар мен сараптамалық талдауларға сүйене отырып қаралатын болады. Мұндай диалог форматы бүгінгі қоғам үшін аса қажет. Орталық озық тәжірибелер шоғырланған, нақты шешімдер қабылданатын алаңға айналып, еліміздің өзге өңірлеріне үлгі болады деп сенемін.
Орталықтың жұмысы тараптардың күшін біріктіруге, практикалық нәтижеге бағытталған сұхбат құруға және өзекті мәселелер бойынша байыпты шешімдер әзірлеуге негізделген.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
«Казцинк» – елдегі ірі компания. Сондықтан мемлекетке жоғары деңгейде мәселелерді жеткізу оңайырақ. Алайда орта және шағын бизнестің де өз түйткілдері бар. Олардың да мүддесін қорғайтын алаң қажет. Осы мақсатта «Парыз» ұйымы жұмыс істейді. Сондықтан «Казцинк» бұл бастамадан тыс қала алмады. Дәл осы алаң кәсіпкерлерге өз мәселелерін ашық айтып, шешу жолдарын ұсынуға және оларды бірлесіп табуға мүмкіндік береді.
Орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Асқарбек Ертаев қатысты. Ол әлеуметтік пікір алмасу алаңы еңбек қатынастарының барлық қатысушылары арасында сенімді нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары:
Өскемен қаласында ашылған бұл құрылым барлық өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылайтын, сараптамалық пікір алмасатын және нақты ұсыныстар әзірлейтін тиімді алаңға айналады деп сенеміз. Ол тек өңірлік емес, республикалық деңгейде де сұранысқа ие болады.
Орталықтың ашылу салтанатына жиналғандар бұл мекеме тәжірибе алмасу, нақты шешімдер қабылдау және серіктестік қарым-қатынасты нығайту алаңы болып, өңірдің тұрақты дамуына серпін береді деген сенімде.
Талант Тұрсынов