Аймақта халықаралық және республикалық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды желбіретіп жүрген спортшылар жетерлік. Тәуелсіздік күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жас ұрпақты жоғары жетістіктерге жетелеп жүрген жаттықтырушылар мен спорт саңлақтарын салтанатты түрде марапаттады.

Үздік жетістіктер футбол ойынында, грек-рим күресінің майталмандарында, ауыр атлетика, керлинг, джиу-джитсу, үстел теннисінде де баршылық. Келесі жылы Олимпиада ойындарына қатысатын шаңғышыларға да артар үміт жоғары. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов спортшылардың әрбір жеңісі шығыстың ғана емес, тұтас елдің абыройына айналған мақтаныш деді. Сондықтан, спорттық дайындыққа баса назар аударылып жатқанын, жаңа нысандардың да қатары толығатынын айтты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

 бүгінгі күні біздің облысымызда 1628 спорт нысандары жұмыс істейді. Қосымша тағы 8 нысанның құрылысы бітуге дайын. Басым бағыттарымыздың бірі инфрақұрылымды дамытумен қатар инклюзивті спортты, осы спортпен шұғылданатын біздң спортшыларымызға жағдай жасау.

Чемпиондардың жүзінен тек қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Облыс әкімі салтанатты шара барысында әрбір спортшыға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.

Ажар Төлеуханова, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі:

Жыл соңында Корея елінде өткен Әлем кубогінде қола жүлдегері атандым. Спортшыларымыздың шашбауын көтеріп, елеп ескеріп отырғанына мың да бір алғысымды білдіремін. Бұл да біздің жылдар бойы төккен теріміздің, еңбегіміздің нәтижесі деп білемін. Осындай мерейлі күн дәстүрге айналса деген тілеуіміз де бар. Өйткені, спортшылар көп жағдайда көзден таса қалып, көлеңкеде қалып қоятын жағдайлар жоқ емес. Бүкіл Шығыстың әлем деңгейінде өнер көрсеткен спортшыларының еңбегінің ақталғаны көз қуантады.

Марапат алғандардың қатарында экстремалды күш спорттарынан халықаралық аренаны мойындатып, Мәскеу қаласында өткен Әлем чемпионатында бірінші орынды иелеген Темірлан Кенжеханов та бар. Спортшы әлі де талай рекордты жаңартатынына сенімді.

Темірлан Кенжеханов, күш спортынан әлем чемпионы:

Облыс әкімінің еңбегімізді бағалап, Әлем чемпионатын бағындырып келе жатқанымызды көріп, жылы лебізін білдіріп, еңбегімізді елеп ескеріп отырғанына алғысымыз шексіз. Бүгінгідей қолдаудан кейін спортшылардың ұмтылысы арта түсетініне бек сенімдімін.

Мұндай кездесулер спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегін бағалап қана қоймай, жаңа жеңістерге жетелеп, өңірдің спорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Қымбат Иманғали