Өскеменде архив ісін жетілдіру, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және электрондық архив жүйесін дамыту мәселелеріне арналған екі күндік аймақтық семинар өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитеті мен Шығыс Қазақстан облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы ұйымдастырды. Семинарға Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы мемлекеттік архивтердің басшылары мен мамандары қатысты.

Жиында қатысушыларға архив саласындағы жаңа нормативтік талаптар, құжаттардың сақталуын бақылау және құнды қорларды сақтау мәселелері таныстырылды. Сондай-ақ, «Қызметтік пайдалану үшін» белгісі бар құжаттармен жұмыс істеу және «Бірыңғай электрондық архив» ақпараттық жүйесіне ақпарат енгізу тәртібі талқыланды. Министрлік өкілі Салтанат Тащанова архив саласындағы бүгінгі талаптар мен заңнамалық өзгерістерге тоқталды. Сарапшылардың айтуынша, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету — мемлекеттік органдардың жауапкершілігі жоғары бағыттарының бірі.

Салтанат Тащанова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Мемлекеттік саясат және нормативтік-құқықтық реттеу басқармасының басшысы:

Біз министрлікпе,н жергілікті органдармен республикалық өңірлік семинарларды ұйымдастырамыз. Семинардың ең бірінші мақсаты – тәжірибемен бөлісу. Нормативтік-құқықтық актлердің, заңдар мен нормаларды, қағидаларды қалай практикалық жұмыста біз пайдаланамыз. Қандай мәселелер бар?ол мәселелрді шешу өте маңызды деп ойлаймыз.

Архив ісінің цифрландыру бағыты қарқынды дамып келеді. Алыс-жақын аудандардан жиналған мамандар «Е-Архив» жүйесімен жұмыс істеудің толық ақпаратын алды. Электрондық құжат айналымының негізгі артықшылықтары – құжаттардың бірден жеткізілуі, мәліметті тез табу мүмкіндігі және ұзақ мерзімді сақтауға көшу. Алайда қазіргі таңда электрондық құжаттардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе әлі жоқ.

Нұргүл Баяндина, Облыстық мемлекеттік архивінің Зайсан филиалының қызметкері:

Зайсан филиалында архивист болып жұмыс істеймін. запрос қарағанда компьютердан қарай салуға болады. Іздегенде жеке құрам бойынша, жұмысқа кірді шықты дегенді сканерленген құжаттан қаралады.

Дәстүрлі семинар биыл Қонаев, Қостанай және Астана қалаларында өтті. Мамандар жаңа технологиялар архив жұмысының сапасын жақсартуға және құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік беретінін айтады.

Қымбат Иманағали