Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығында танымал қылқалам шеберлерінің шығармаларын біріктірген ауқымды көрме ашылды. Өнердің көркем жанрларының бірі саналатын бұл экспозицияда жергілікті және елге белгілі суретшілердің еңбектері ұсынылған.
Әртүрлі жанр, алуан түрлі бояу. Бірақ тақырып ортақ. Суретшілер қиялдарына ерік беріп, қылқалам арқылы мәдениеттің қыр-сырын айшықтауға тырысты. Көрмеде өңірлік сурет мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан тәжірибелі шеберлердің туындылары қойылған. Олардың қатарында жас қылқалам шеберлерінің жұмыстары да бар. Шығармаларында ізденіс басым жас авторлар ерекше туындыларын әкеліп, көрмеге жаңа тыныс сыйлаған.
Евгения Рахматулина, Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы директорының орынбасары:
Көрме жанрлық алуандығымен және бояу үйлесімінің тазалығымен ерекшеленеді. Мұнда Өскемен мен Шемонаиха суретшілерінің жұмыстары қойылған. Сондай-ақ, Аштеманың жұмыстарын да кездестіруге болады. Оның шәкірттері — Ольга Плотникова мен Яна Сатушеваның да картиналары ұсынылған. Әрқайсысы өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.
ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Ольга Плотникова көрмеге жанрлық жағынан әртүрлі бірнеше жұмысын алып келген. Экспозицияға тарихи тақырыптағы туындылары, пейзаж, портрет үлгісіндегі жинақтары қойылған.
Ольга Плотникова, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
Бұл жолы өзімді бірнеше бағытта сынап көрдім. Тарихи тақырыптағы «Үш би» атты жұмысым арқылы өнер музейінің байқауына қатыстым. Сонымен қатар, пейзаждарым мен портреттерім бар. Тарихи сюжет жасау үшін алдымен тақырыпты терең зерттеп, қажетті деректерді мұқият оқып шығу керек. Кейін композиция ойластырылып, эскиздер жасалады.
Бұл көркем экспозиция жасөспірімдердің қолынан шыққан туындылармен толықты. Жас авторлар өздерінің кәсіби деңгейін көрсетіп, заманауи тақырыптарды мағыналы түрде жеткізген. Олардың көркем туындылары көрмеге жаңашылдық сыйлап, ажарын аша түсті, дейді ұйымдастырушылар.
Яна Агейкина, ҚР Суретшілер одағының ШҚОФ төрайымы:
Бұл көрме жаңа есімдерімен құнды. Лена Уткина, Сатушева, Журавлёва сияқты жас авторлар жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетіп, көрменің жалпы көркемдік деңгейін көтерді. Бұған дейінгі көрмелерде аға буын өкілдері басым болса, қазіргі таңда жас суретшілер белсенді. Бұл олардың жұмыстарынан анық байқалады.
Көрмедегі әр сурет күрделі техникаларымен ерекшеленеді. Ауқымды экспозиция өңірдегі заманауи өнердің қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Фатима Тілейханқызы