Қыс келсе, өзен-көл беті мөлдіреп жатқан мұзға айналып, кез-келген жанды қызықтырмай қоймайды. Осы сәтте біреу балық аулауға асықса, енді бірі сырғанап серуендеуді ойлайды. Алайда осы әсем көріністің астарында үлкен қауіп жасырынып жатқанын көпшілік ескере бермейді. Сондықтан ШҚО ТЖД мамандары мен ПД және воолонтерлар аймақ тұрғындарын қауіпсіздік ережерін қатаң сақтауға шақырды. Қазірдің өзінде маусым басталғалы 360-тан астам профилактикалық тексеріс ұйымдастырылған. Мұз басқан жерлерде нұсқамалар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сала мамандарының айтуынша, мұздың беріктігі оның қалыңдығына, температураға және су айдынының ерекшелігіне тікелей байланысты. Көзге қалың көрінгенімен, олай болмауы мүмкін. Нөл градус шамасында жатқан мұз минус 5 градустағы мұздан 10-12 есе әлсіз болатынын айтады.

Азамат Ақзамбеков, Өскемен қ. Төтенше жағдайлар басқармасының офицері:

Өскемен қаласының ТЖ басқармасы мұз үстіндегі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады, мәселен: мұзға тәуліктің жарық уақытында шығу, мұздың қалыңдығы кемінде 10 см болуы тиіс, өзіңізбен бірге құтқару кеудешеcін, ысқырықты, ұзындығы 10–12 метр болатын жіпті алып жүру қажет. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалу керек.

Еске сала кетейік, қауіпсіздік ережесін елемеген азаматтар Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бүгінде аймақта 23 адамға әкімшілік шара қолданылған. Құтқарушылардың айтуынша, ең үлкен қателік айдынға көлікпен шығу. Ауыр салмақ мұзды әлсіретіп, ойламаған жерден опырылып түсу қаупін күшейтеді. Егер адам мұз астына түссе ең алдымен сабыр сақтау қажет. Себебі, әр секунд қымбат. Құтқару тәртібі: қолыңызға таяқ, ысқырық, тақтай немесе арқан алыңыз. Мұз бетімен еңбектеп, аяқ-қолыңызды кең жайып жылжыңыз. Зардап шегушіге бірнеше метр қалғанда тоқтап, арқанды лақтырып немесе таяқ созыңыз. Адамды мұз бетіне шығарған соң, қауіпті аймақтан еңбектеп алыстаңыз. Бірден 112 нөміріне хабар беріп, жедел жәрдем шақырыңыз. Мұз үстіндегі әрбір ойланбай жасалған қадам – адам өмірімен өлшенеді. Сондықтан сақтықты серік етіп, өз өміріңізді де, өзгелердің өмірін де қорғай біліңіз.

Сая Жарысқызы