Облыс орталығында «Адал білім – адал ұрпақ» атты республикалық форум өтті. Шара ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды. Форум – академиялық адалдық пен білім беру жүйесіндегі этикалық құндылықтарды нығайту мәселелеріне арналды. ZOOM форматында өткен жиынға мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік мамандары, мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Басқосу барысында қатысушылар білім беру саласындағы ашықтықты арттыру, академиялық адалдықты насихаттау және студенттер мен оқушылардың жауапкершілігін күшейту тетіктерін талқылады. Бұдан бөлек, 2026–2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Онда этикалық стандарттарды дамыту, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және білім беру ұйымдарындағы адалдық мәдениетін жүйелі түрде ілгерілетуге бағытталған нақты шаралар қамтылды.
Ержан Айқымбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы
Сыбайлас жемқорлық деген ең басты мәселе. Сыбайлас жемқорлықты жою және онымен күресу әр ҚР азаматының, мемлекеттік қызметшілердің міндеті болып табылады. Биыл өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және профилактикасын жүргізу біздің агенттікке берілген болатын. Біз агенттіктің аумақтық департаменті болғанмен, осы жұмысты барлық мекемелермен бірлесіп, атқарамыз. Ең басты мақсат – түсіндіру, анықтап, тиісті ұсыныстар енгізу.
Форум аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Білім министрлігі және Академиялық адалдық лигасы арасында меморандумға қол қойылды. Құжат – білім беру жүйесінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету мен бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді. Жиында талқыланған бастамалар мен ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Фатима Тілейханқызы