16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Ел егемендігі жарияланған күннен бастап, әлемдік аренада орнымыз нығайды.Бұл күн жыл сайын кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай, Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шарада Тәуелсіздік күні бірлік, еркіндіктің символы ретінде айрықша мәнге ие екендігі айтылды. Жиында 1991 жылғы оқиғалар хронологиясы көрсетілді. Бұл бөлімде тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жолындағы негізгі кезеңдері көпшілік назарына ұсынылды.
Мөлдір Мұрат, ШҚ Өнер музейінің сектор меңгерушісі:
Көрермендерге 1991 жылғы тарихи кезеңді, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының батыл жастарын еске аламыз. Кеш барысында қосымша білім беру «Самғау» орталығы, «Жұлдыз» өнер мектебінің өте әсерлі концерттік нөмірлерімізді ұсынамыз. Шара жылы көңіл-күй сыйлайды. Қатысушыларды тәуелсіздік мерекесін бірге сезінуге шақырамыз.
Томирис Ақылбаева №15 орта мектептің 11 сынып оқушысы. Бүгінгі мерекелік шараға патриоттық рухтағы «Туған жер» деп аталатын шығарманы арнайы алып келген. Әннің әр жолы тәуелсіздіктің қадірін, қазақ халқының бірлігін паш етіп, жиналғандардың көңілін тебірентті.
Томирис Ақылбаева, Өскемен қ. ББ №15 орта мектебінің 11 сынып оқушысы:
Тәуелсіздік күніне орай біз «Туған жер» деген шығарманы алып келіп отырмыз. Тәуелсіздік пен туған жер өте байланысты болып келеді менің ойымша. 11-сыныпта оқимын және болашақта осы музыкалық бағыт бойынша оқығым келеді.
Шара соңында ұйымдастырушылар жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, тарихи естеліктерді сақтау, ұлттық құндылықтардың маңыздылығына тоқталды.
Аяулым Усинова