Өскеменде дәстүрлі «Шығыс сымбаты» халықаралық турнирі кең ауқымда ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген 500-ден аса жас спортшы қатысып, өзара бақ сынады.

Бұл турнирдің тарихы тереңде. «Шығыс сымбаты» додасы 30 жылдан аса үздіксіз өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде талай таланттың қанаттануына себеп болды. Бір кездері дәл осы алаңда әлемге әйгілі ресейлік гимнаст Алина Кабаева да өнер көрсеткен. Жарыстың негізін қалаушы – белгілі гимнаст Лилия Кузьмина.

Лилия Кузьмина, «Шығыс сымбаты» турнирінің негізін қалаушы:

Мен ұстаздық еткен тәжірибемде 55 аса спорт шеберін дайындадым. Қыздарымның көбі бүгінде өздері жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Бірқатары Ресейге, жақын қалаларға кетті. Осылайша біздің спорт түрі кеңінен дамуда. гимнаст қыздарымыз шетелде де көзге түсіп жүр. Азиадаға барып, бір күміс пен екі алтын алып келді. Бұл – біздің облыс үшін өте үлкен жетістік

Биылғы турнирге Павлодар, Абай, ШҚО және Астана қаласының жас спортшыларымен қатар, Ресей, Беларусь және Малайзиядан командалар келді. Жарысқа қатысушылардың жалпы саны 500-ден асады. Спортшылар да, жаттықтырушылар да бұл додаға ерекше дайындықпен келген. Бағдарлама 5 пен 15 жас аралығындағы спортшыларды қамтып, бірнеше күн бойы жеке және топтық сайыстар бойынша үздіктер анықталды.

Анар Жантасова, облыстық кешенді мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры :

көркем гимнастикаға балалар өте ерте жастан келеді. Сондықтан алаңда 3 күн бойы тәжірибесі де, деңгейі де әртүрлі спортшылар бір мезетте өнер көрсетті. Көрсеткіш көңілден шықты, келесі маусымға лайықты бағыт-бағдар айқындалды. Биылғы маусым осымен аяқталды. Келесі кезең қаңтар айында басталады.

Турнир жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуға, жаңа достар табуға және болашақта үлкен спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Хонг Ай Мин, турнирге қатысушы (Малайзия):

Бұл турнирге қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Біз үшін қызықты тәжірибе болды. Жергілікті халықтың мәдениетін, олардың жарыс ұйымдастыру ерекшеліктерін көрдік. Бұл Малайзиядағы жарыстардан өзгеше. Біз бұдан да бөлек халықаралық турнирлерге қатысып жүрміз, жақында өз елімізде өткен ірі жарыста командамыз үшінші орын алған еді. Бұл жолы да олжалы қайтамыз деген үмітіміз бар.

Жарыс гала-концертпен түйінделді. Әр команда өздерінің үздік би қойылымын көпшілікке ұсынып, алаң атмосферасын ерекше күйге бөледі. Үздіктерді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов марапаттады. Аймақ басшысы мұндай жарыстар жас гимнасттардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қымбат Иманғали