Облыста ерекше бала тәрбиелеп отырған қаншама отбасы бар. Солардың бірі - Ермак Черняковтың жанұясы. Оған 7 жасында дәрігерлер аутизм диагнозын қойған. Бүгінде ол спортты жанына серік еткен. Ерекше спортшы жайлы келесі бейнематериалда.
Командадағы балалар да Ермакты өз қатарларына қабылдап үлгерген. Бүгінде ол жаттығуларға алғашқылардың бірі болып келіп, соңында кететін ынталы ойыншы. Әсіресе қақпашы болуды жақсы көреді.
11 жастағы Ермак спорт алаңына күн сайын доп қуалап, футбол ойнауға келеді. Анасы Елена Чернякова футбол оған өз эмоциясын басқаруға, балалармен байланыс орнатуға көмектескендігін айтады. Жаттықтырушысы мен ата-анасының қолдауының арқасында ол сол ортаға бейімделіп келеді. Сөйлеу дағдылары жақсарып, өзіне деген сенімі артқан.
Елена Чернякова, Е.Черняковтың анасы:
Былтыр футболдан инклюзивті секция үйірмесі ашылды. Командаға іріктеу жүріп жатыр дегенді естіген бойда ұлымды секцияға қатыстыруды жөн санадым. Ермакқа алғашқы жаттығуға қатысу оңай болмады. Ойын ережесін үйрені, допқа назар аударуы біраз қиын болды. Біраз уақыттан кейін ол айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе бастады.
Аталған үйірмеде түрлі диагнозы бар ондаған бала бар. Бұл олар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Себебі, балалар бір-бірімен араласу арқылы ортаға бейімделеді. Сонымен қатар түрлі жарыстарға қатысады. Мәселен, биыл қазан айында футболдан Астана қаласында өткен республикалық турнирде бақ сынады. Ал Ермактың жаттықтырушысы Евгения Тузикова мұндай турнирлердің берері мол. Сондықтан әр сайысқа қатысуға тырысамыз – дейді.
Евгения Тузикова, жаттықтырушы:
Оның футболға деген құштарлығы біртіндеп келді. Ермак әр жаттығуды себепсіз жібермей, тұрақты түрде келіп жүр. Командадағы басқа балалар да оны өз қатарына бауырмалдылықпен қабылдады. Балалармен тез тіл табысып кетті.
Ермак футбол ойнағанды жақсы көреді. Болашақта осы спорт түрін одан әрі дамытуды мақсат тұтып отыр.
Aяулым Усинова