Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында инфрақұрылымды жақсарту, инвестициялық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар әлі де жүйелеуді қажет етеді. Осы мақсатта Облыстық туризм қауымдастығының өкілдері, сала кәсіпкерлері, облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омармен кездесіп, мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырды.
Облыста туризмді дамытудың нақты жоспары әзірленді. Жобаны дайындау барысында аймақтың географиясы, табиғи және тарихи нысандары жан-жақты зерттелді. Нәтижесінде, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға арналған бес туристік жоспар-картасы жасалды. Оның ішіне Зайсан көлінің жағалауындағы демалыс аймақтарын дамыту, Риддер қаласындағы тау шаңғысы кешендерін салу, сондай-ақ Алтай өңірінде туристік бағыттарды кеңейту көзделген. Барлық жобалар бойынша жоспарланған инвестицияның көлемі 1 трлн. теңгеден асады.
Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Соңғы жылдары туризмді дамыту бойынша көптеген шешімдер қабылданды, ұсыныстар айтылды, бірақ олардың іске асуы бәсең. Көп жобалар қағаз жүзінде қалды, нақты іс-шаралар мен инфрақұрылымдық жұмыстар кешігіп жатыр. Шығыс Қазақстанның табиғи байлығы, тарихи-мәдени мұрасы және ерекше географиялық мүмкіндіктері туристер үшін ерекше тартымды. Бұл тек қана инвестиция тарту емес, сонымен бірге өңірдің беделі мен брендін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді
Ал «Ертіс-Бұқтырма-Зайсан» жоспар-картасы бойынша 266 млрд. «Қатонқарағай-Марқакөлге» 92 млрд. теңге жоспарланған. Ең ірі жоба -«Риддер-Анатау-Ивановский жотасы», инвестиция көлемі 937 млрд. теңге. Кәсіпкерлер бұл жобалар өңірдің туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретінін айтты.
Мұхтар Тойбазаров, кәсіпкер:
Бізге ең алдымен нақты әрі жүйелі жоспар қажет. Ол үшін мақсатты аудиторияны анықтап, өңірдің бүгінде қандай ресурстарға ие екенін жан-жақты саралау маңызды. Аймақтағы туризмнің қазіргі жай-күйін және оның әлеуетін түсіну арнайы мамандар мен кәсіби сарапшыларды талап етеді.
Егер осы олқылықтарды жойып, нақты жоспармен жұмыс істесек Шығыс Қазақстан туризмі өңір экономикасының басты драйверіне айналады
Бұдан бөлек, жиында туристік аймақтарға апаратын жол бойларында санитарлық-гигиеналық тораптар орнату, инфрақұрылым мен логистиканы жақсарту мәселелері де көтерілді. Айтылған әрбір нақты ұсыныс хаттамаға енгізілді. Сарапшылардың мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша өңірге келген туристер саны 10 пайызға артқан.
Бекарыс Секен