Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін тұрақтандыру маңызды. Әсіресе денсаулық сақтау саласын одан әрі жетілдіру қажет. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және тәуекелдерге жол бермеу шаралары туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVI сессиясында айтылды. Толығырақ тілші сюжетінде.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVI сессиясында алдағы жылдарға жоспарланған бюджет қаржысы талқыланды. Болжамды жоспар бойынша 2026 жылы бюджет кірісі 255 миллиард теңгені, 2027 жылы 272 миллиард теңгені, ал 2028 жылы 293 миллиард теңге шамасында болмақ. Келер жылы қаржының негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады. Денсаулық сақтауға 12 миллиард теңге, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауға 26 миллиард теңге, мәдениетке 8,5 миллиард теңге қарастырылған. Ал шамамен 20 миллиард теңге жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бөлінеді.

Нұрсұлтан Маратов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы :

Бюджет қаржысының негізгі бөлігі 268 миллиард теңге яғни қаржының 60 пайызы әлеуметтік салаға, білімді жетілдіруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталады. Жергілікті жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Білікті маман» жобасына 1,4 миллиард теңге қарастырылды.

Халық денсаулығы бірінші орында. Сондықтан сапалы медициналық көмек көрсету маңызды. Мамандардың біліктілігін арттыру, медициналық құрылғыларды жаңарту, нысандардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өңірдегі 7 медициналық нысанды қайта жөндеуге 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Бүгінде облыста қатерлі ісікті ерте диагностикалау әдістері өз нәтижесін беруде. Туберкулез ауруына шалдыққандар саны 10 пайызға төмендеген.

Төлеген Жігітаев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы :

 «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында облыс бойынша жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайтын 36 медициналық нысан құрылысы жоспарланған. Оның 9 жаңадан салынды. Бүгінгі күні оның 34 – құрылысы аяқталды. Қалған 2 жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек ағымдағы жылы құрылысы жүріп жатқан нысандардағы жұмыста жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Гематалогия орталығы, Риддердегі көпбейінді стационарлық кешенде жұмыстар жалғасуда.

Сессия барысында Күршім ауданында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының іске асырылу барысы қаралды. Аудан басшысы жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жыл сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты ішкі талдау жүргізетіндігін атап өтті. Биыл талдау нәтижесінде мемлекеттік мекемеде бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, ол уақтылы жойылды. Бұдан бөлек осы бағыттағы түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі :

Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Заң мен тәртіп» бұл мемлекетіміздің мызғымас тұғыры деп әрдайым айтып келеді. Сондықтан осы қағидатты басшылыққа ала отырып, сіздермен бірге әр бастамамызда заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтарымыздың мемлекеттік органдарға, мемлекеттік институттарға, билікке деген сенімін нығайтуға тиіспіз кез келген факті мұқият түрде зерделеніп, құзыретті органдарға жолданады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес біздің басым бағыттарымыздың бірі ретінде жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз

Сессия соңында депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту, жоспарлы жұмыстарды жүйелі орындау, болашағы зор салаларды жетілдіру жайында пікір алмасты. Бұл бастаманың барлығы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың бір парасы ғана.

Салтанат Кеңесбекқызы