Облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Алтай ауданының шаруалары мен кәсіпкерлері қала тұрғындарына қолжетімді бағада сапалы, балғын өнімдерін ұсынды.
Кәсіпкерлер жәрмеңкеге ірі-қараның етімен қатар жұмыртқа, балық және табиғи таза өнімдерін алып келген. Бұл жолы сауда алаңына 15 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді.
 Айгүл Құттыбаева, Алтай ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Ауданның шаруа қожалықтары мен жеке шаруашылықтардан 15 тоннадан астам өнім әкелінді. Ассортимент өте кең. Сиыр, жылқы, қой еті, балықтың түр-түрі әкелінді. Сондай-ақ, сүт өнімдері, жұмыртқа, үй консервілері мен Алтай ауданында өсірілген көкөністер ұсынылды.

Жәрмеңкеде балық өнімдеріне ерекше сұраныс байқалды. Өндірушілердің айтуынша, дәл осы өнім түрі сауда қызбай жатып, лезде сатылып кетеді.

Амангелді Мұстафин, кәсіпкер:
Біз форельді шабақ кезінен бастап өсіреміз. Өнімді өзіміз өндіріп, өзіміз сатамыз. Барлық өңірлерге жеткіземіз. Балығымыз таза суда өсірілген, дәмі тіл үйіреді. Бағасы да қолжетімді. Өзіміз дайындап, тұтынушыларға жөнелтеміз.
Сауда жасап үлгерген қала тұрғындары жәрмеңкеден алған әсерлерімен бөлісті.
Жәрмеңке өте жақсы. Бағалары қолжетімді. Ет те, май да арзан. Мен үйге сары май алдым. Сатушылар сыпайы, бәрі көңілден шықты.Жақсы бәрі.
Мен Алтай ауданының жәрмеңкесіне келіп, жаңа жылға үйрек етін сатып алдым. Бағалары қолжетімді. Өнімдер балғын, табиғи таза екені көрініп тұр.
Алтай ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі концерттік бағдарламамен және түрлі қызықты байқаулармен жалғасын тапты.
Фатима Тілейханқызы