Алтай ауданында соңғы жылдары қыстық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Әсіресе хоккей мен керлингке қызығушылық танытатын балалар мен жасөспірімдер қатары артқан. Ауданның мәдени күндері аясында Б.Александров атындағы спорт сарайында шайбалы хоккейден тартысты жарыс өтті. Мұз айдынында бір-біріне дес бермеген командалардың ойынын әріптесіміз көріп қайтты.

Бұл жолы мұз айдынында «Торпедо» командасының 2015 жылғы үздіктері өзара тартысты ойын көрсетті. Жас хоккейшілер үшін маусым алдындағы маңызды дайындық кезеңдерінің бірі. Мұз айдынында шапшаңдық, дәлдік және командалық үйлесім сыналды.

Ернұр Сандыбек, жас хоккейші:

6 жасымнан хоккей ойнап жүрмін. Бүгін осындай ойын болып жатыр. Біз бүгін жеңеміз деп ойлаймыз. күнде жаттығуға барып жүрмін бір сағаттан. Үйде қосымша істеймін.

Жарыста балалардың ойын тактикасы ғана емес, мінезі де шыңдалады. Жаттықтырушылардың айтуынша, дәл осындай шағын ойындар жас спортшылардың мүмкіндігін ашуға, үлкен ареналарға жол салуға негіз болады.

Владимир Беляев, «Торпедо» жасөспірімдер командасының жаттықтырушысы:

2015 жылғы жас ойыншылардың 1 және екінші құрама командалары ойнап жатыр. Бұлар республикалық біріншілікте ойын көрсетуге дайындалып жүр. Алғашқы тур Өскеменде өтті. Ойыншылармыз жоғары дәрежеде дайындықтарын көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Алтай ауданында бүгінде жүзден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде хоккей кешені, шағын мұз айдындары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Осындай инфрақұрылым жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп келеді. Ауданнан шыққан спортшылардың жетістігі де аз емес. Мәселен, керлингтен халықаралық жарыстардың жүлдегері, спорт шебері Ангелина Пеняева - өңірдің мақтанышы.

Әсел Абаева, Алтай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы:

бұл ойынның ауданның мәдениет күндері өтіп жатқаны тегін емес. Өйткені мұндай спорт түрі біздің өңірде жақсы дамыған. Ауданда хоккей кешені бар. Жас спортшыларға жақсы мүмкіндік жасалған.

Мұз айдынындағы әр ойын - үлкен спортқа бастар алғашқы баспалдақ. Желтоқсан айының соңында «Торпедо» жасөспірімдер командасы Қарағандыда өтетін жарысқа аттанбақ.

Қымбат Иманғали