Бүгінгі студент – ертеңгі болашақ маман. Сол себепті әрбір жас өз құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс. «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында облыс орталығында «Студенттер заң үшін» атты шара өтті. Осылайша құқық қорғау органдары өкілдері жастармен еркін форматта сұхбат құрды.
Кездесуде мамандар жастарға құқықтық мәдениет негіздерін түсіндіріп, заңды құрметтеудің маңызын атап өтті. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық тұрғыда сауатты ұрпақ қалыптасқанда қоғамда тәртіп те, қауіпсіздік те нығаяды.
Жандос Қоңыров, ШҚО Прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы:
Біз үнемі студенттермен жұмыс жасаймыз. Оның ішінде жекелеген жұмыстар да бар, анонимдік сауалнамалар да өткізіледі. Сұрақтардың шені әр түрлі болады. Оқу процесінен басталады. Содан соң жеке тұлғаларға қатысты құқық бұзушылықтар анонимді сипаттағы белгілері де болып жатыр. Солардың барлығымен біз әрқашан жұмыс жасап, нақты шешімдер қабылдап отырамыз.
Ал университет басшылығының айтуынша, «қылмыстың өтеуі — жаза» деген түсінік болғанымен, олардың мақсаты — жазалау емес, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастардың сауатын арттыру. Осы бағытта білім ордасында арнайы қоғамдық ұйым құрылған.
Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:
Бүгін жаңа қоғамдық ұйым құрылғалы отыр. Одан бұрын бізде әр түрлі құқықтық ұйымдар болған. «Мен және заң», «Сенім» деген. Арнайы құқықтық тәртіп сақшысы деген арнайы біздің органдарымыз бар студенттерден құрылған отрядтар. Олар жатақхана бойынша, университет корпустары бойынша жұмыс жасап отыр.
Басқосуда жастар арасында интернет-алаяқтық, құмар ойындарға әуестік және есірткі тасымалына қатысты мәселелердің барған сайын ушығып отырғаны айтылды. Әсіресе, қылмыстардың басым бөлігін интернет арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалары құрап отыр.
Айдын Ботаханов, Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы:
Қазір интернет алаяқтықтың саны артты. Банк картасының деректерін өзге азаматтарға жолдап қоятын жайттарда жиі кездеседі.Осылайша алаяқтар шоттағы қаражатқа емін еркін қол жеткізеді. Бұл жайттардың алдын-алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазақстан бойынша аталған фактімен бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
Осындай кездесулер жастарға заң талаптарын түсінумен қатар, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауға да жол ашады. Құқықтық мәдениеті қалыптасқан студент болашақта әділ әрі өркениетті қоғамның дамуына елеулі үлес қосады.
Аяулым Усинова