Елде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық кодексі күшіне енеді. Мемлекет басшысы қол қойған құжат бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, салық салу жүйесін түбегейлі жаңғыртуды көздейді. Қазіргі уақытта халық арасында түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстағы Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары өңірлік коммуникациялар алаңында осы мәселе төңірегінде тың ақпаратпен бөлісті.

Ең басты өзгерістердің бірі – салық есептілігін 30 пайызға қысқарту. Бұдан бөлек, жеңілдіктер жүйесі оңтайландырылып, берешектерді өтеу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Енді берешек көлемі аз болса, кәсіпкердің есепшоттары бұғатталмайды. Жаңа кодексте корпоративтік табыс салығы 20%-дық деңгейде сақталады. Алайда кей секторлар үшін сараланған мөлшерлеме енгізілді. Атап айтқанда, банктер мен ойын бизнесі үшін – 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін – 5%, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген 3% мөлшерлеме қалады.

Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:

Арнаулы салық режимдерінің саны 7-ден үшке дейін қысқарды. ҚР Жаңа салық кодексінің 715-бабына сәйкес жалпыға берілген бірдей тәртіптен басқа салық төлеуші 3 режимнің бірін қолдануға құқылы. Талаптарға сәйкес болған жағдайда. Біріншісі- арнаулы салық режимінің түрі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арнайы салық режимі. Сондай-ақ, мобильді қосымша арқылы қолданылатын режим біріктірілген.

Сондай-ақ, жеке тұлғалар үшін де өзгеріс бар. Енді жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар 15% салық төлейді. Сонымен бірге БЖЗҚ-нан төленетін зейнетақы жеке табыс салығынан босатылады. Оңайлатылған декларация бойынша жылдық табыс шегі - 600 мың АЕК-ке көтерілді. Еңбеккерлер санына шектеу жоқ, салық мөлшерлемесі – 4%, ал декларация жылына екі рет тапсырылады.

Сайран Уәлибекова, ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы:

Төлем қабілеттілікті қалпына келтіру рәсімі – сот шешімі арқылы борышкер 5 жылға дейін өзінің қарызын бөліп төлеуге мүмкіндік алады. Дегенмен, айта кететін тағы бір мәселе – өзін бакрот деп таныған жағдайда да есептен шығарылмайтын қарыздар бар. Біріншіден – алимент бойынша қарыздар, жеке тұлға өзін банкрот деп таныған күннің өзінде ол қарыз ол кісінің мойнында қалады. Жоққа шығарылмайды. Екінші – жеке тұлға басқа тұлғаның өмірі мен денсаулығына зиян келтірген қарыздар болса... есептен шығарылмайды.

Қымбат мүлік иелеріне де жаңа талаптар бар. Құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, 100 млн теңгеден асатын кемелерге, өте қымбат алкоголь мен темекі өнімдеріне 10% акциз салынады. Жалпы құны 450 млн теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке салынатын салық өседі.

Фатима Тілейханқызы