Өскеменде IT FORUM ұйымдастырылды. Шарада сала мамандары,өнеркәсіп орындары мен банктер өкілдері бас қосты. Бұл форум өңірде алғаш рет өткізіліп отыр.

Форум өңірдің цифрлық болашағын бүгінде жастар қалыптастырып жатқанын нақты көрсетті. Шараның мақсаты – тәжірибе бөлісуге мүмкіндік беретін, инновациялық шешімдерді ұсынатын әрі мемлекет, бизнес және технологиялық орта арасындағы өзара тиімді диалогты нығайтатын ашық платформа құру.

Азамат Сейітханұлы, Креативті индустрияны дамыту орталығы директорының орынбасары :

Креатив айти форум іс-шарасын ұйымдастырып жатырмыз. Жаңа жас стартаптар мен жас мамандар өздерінің жобасы бар. Өскемен қаласына деген және аймаққа деген пайдасы бар жобаларды әкеліп көрсетуде. Сол жобаларды кәсіпорындар мен банк секторларына және мемлекеттік мекеме адамдарына көрсету жоспарладық. Жобаларды көрсету арқылы жас стартаптарды ары қарай дамуына себепкер болу.

Форумға қатысушылар 40-тан аса IT-жобаны көпшілік назарына ұсынды. Бұл жобалар жасанды интеллект пен автоматтандырудан бастап, цифрлық дизайн және қалалық инфрақұрылымға арналған сервистерге дейін түрлі бағыттарды қамтыды. Өндіріс орындарының өкілдері стартап жобалармен танысты. Әр бастама тың идеяға толы.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Креативті форум бұл біздің аймақ үшін жаңа бағыт. Талантты жастар жобаларын ұсынып таң қалдыруда. Өндіріс орындарына қажет жобаларды да түртіп алдық.

Жаңалықты жатсынбайтын жастары бар ел жетістікке қол жеткізері анық. Ал, бұл форум талапты өрендердің бір-бірімен тиімді қарым-қатынас орнатуына, тәжірибе алмасуына септігін тигізеді. Креативті ойлай алатын әрі IT жобаларды жасауға ерекше көзқарас танытқан студенттердің бірі-Аида Тоқанова мен Аружан Өтенова. Олардың цифрлық сауат пен технологияға қызығушылықтары бала кезден басталған.

Аида Тоқанова, студент:

Біздің проект Энергия өндіретін тратуар. Бұл тратуар арқасында кинетикалық энергияны электр энергиясына айналдыра аламыз. 1 адам күніне 10-20 мың арасында қадам басады. Бостан жүрген қадамды неге энергияға айналдырмаймыз. Бұл алған энергияны коненсатор арқасында жинап, керек жерлерге жаратуымызға болады. Лед лампаларды жандыра алламыз. Рекламалық баннерларды жандыра аламыз. Смарт скамейкаларды қуаттандырып, ноутбук, телефон гаджеттарды зарядтай аламыз.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, IT форум келер жылы да жалғасын таппақ.

Сая Жарасқызы