Облыс орталығында ұйымдастырылатын «Туған жер – алтын бесігім» жобасы Алтай ауданының мәдени күндерімен қорытындыланды. Өнерпаздар Өскемен тұрғындарын әсем әнге бөлеп, ауданның тарихымен таныстырды.

Шараға келген меймандарды домбыраның қоңыр үні қарсы алды. Ұлттық рухты айшықтайтын көрме аясында келушілер назарына Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған экспозиция ұсынылды. Онда ақынның шығармашылығы мен өмірі бейнеленген тарихи мәліметтер, әдеби мұрасына қатысты деректер және Абай бейнесін әр қырынан ашуға бағытталған жұмыстар қойылды.

Көрмеге жас өрендер де белсенді қатысты. Балалар мен жасөспірімдердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен салған суреттері көрменің көркін ашты. Бұдан бөлек, Абайдың өлеңдері мен қара сөздері оқылды. Кеш ауданның шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Әр жұма сайын мерекелік шараларды қалт жібермей, тұрақты түрде келіп жүрген тұрғынның бірі - Бибігүл Қазимова. Ол бұл жолғы шарадан да шет қалмады.

Бибігүл Қазимова, Тарбағатай ауданының тұрғыны:

Мен негізі Тарбағатай ауданынан боламын. Әр жұма сайын өзіміздің облыстың концерттеріне келіп отырамыз. Тарбағатай, Ұлан ауданының концертіне келдік. Бүгін міне Алтайдың концерті болады деп соған келіп отырмыз. Бәріне сәттілік тілейміз. Жақсы көңіл-күй тілейміз бәріне.

Аслан Қыдырханов көрмеге ұлттық нақыштағы күмістен жасалған бұйымдарын ала келген. Күміс қазақ халқында тазалықтың, адалдықтың, қорғаушы күштің белгісі саналғандықтан, олар тек сәндік бұйым мақсатында емес, рухани мәнге де ие дейді зергер. Әр бұйымның жасалуына қарай, 2-3 күннен 3 аптаға дейін уақыт кетеді.

Аслан Қыдырханов, Алтай қаласының №9 орта мектебінің мұғалімі:

Өзім 6-сыныптарға зергерлік өнер деген тарау бар. Сол кезде оқушыларға да үйретіп жүрмін. Біраз уақыт болды осымен айналысқалы. Қолжетімді бағада істеп, сатып жүрмін, осындай өнермен айналысып жүрмін.

Алтайлықтардың өнері көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды. Ал аудан өнерпаздары осындай шығармашылық кездесулерді жалғастыруды жоспарлап отыр.

Аяулым Усинова