С. Аманжолов атындағы ШҚУ-де Тәуелсіздік күніне орай «Құқықтық мемлекет және белсенді азамат: Қазақстан Республикасында «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайтудағы азаматтардың, Конституциялық Сот пен құқық қорғау органдарының рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Шараға ҚР Конституциялық Сотының судьясы Еркін Оңғарбаев қатысып, Ата заңның мемлекет пен қоғам өміріндегі ерекше рөліне тоқталды. Ол атап өткендей, заң нормалары жастардың азаматтық бірегейлігін қалыптастыруда, оған құрметпен қарауда және мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезінуде негізгі бағыт-бағдар. Судьяның пікірінше, Конституция тек құқықтық құжат қана емес, әрбір азамат үшін қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті қамтамасыз ететін басты құрал.

Еркін Оңғарбаев, ҚР Конституциялық сотының судьясы:

Сондай-ақ, сіздерді Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі дөңгелек үстеліміз де осы мерекеге орайластырылған. Бұдан бөлек, биыл Мемлекеттік егемендік декларциясының 35 жылдығын атап өттік. Мұхтар Әділбекұлы құрмет орденімен марапатталғанына шын жүректен қуаныштымын, мақтан тұтамын. Білім саласында тынбай еңбек етіп ғана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысып жүрген азамат. Мемлекет басшысы жүйелі жұмысын атап өтті.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ мен ҚР Конституциялық Соты арасында тығыз әрі жемісті ынтымақтастық қалыптасқан. Оның аясында ғылыми-зерттеу және білім беру салаларында бірлескен шаралар іске асырылуда. Ынтымақтастық аясында студенттер мен жас ғалымдар үшін тәжірибе алмасу, құқықтық зерттеулер жүргізу және білімдерін тереңдету мүмкіндіктері кеңейеді.

Жанна Садықанова, С. Аманжолов атындағы ШҚУ қауымдастырылған профессоры:

Мақсаты-конституциялық реформалардың жүргізілу барысында конституциялық соттың адам құқықтары рөлін талқылау. ҚР конституциялық сотының суудьясы, заң ғылымдарының докторы Оңғарбаев Еркін Әнуарбекович, ҚР белгілі ғалым, заңгер заң ғылымдарының докторы Абай Абрасулов қатысқалы отыр. Сонымен қатар ШҚО құқық қорғау органдарының басшылары мен құқық қорғау ұйымдары басшылары, адам құқығы жөніндегі уәкіл, қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысып, көптеген мәселелерді талқылауға қатысып отыр.

Жиын барысында Еркін Оңғарбаевқа С. Аманжолов атындағы ШҚУ-нің Құрметті профессоры атағы беріліп, арнайы төсбелгі табысталды. Ал, университет ректоры Мұхтар Төлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Сая Жарасқызы