Тақырыпты жалғастырамыз. Алтай өңірі өндіріс орындары мен табиғи ресурстарға бай аймақ. Сондықтан техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында аудан әкімшілігі мен мансап орталығының өкілдері Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Кәсіпорын басшылары студенттерге жұмыс орындары, ұсынылатын әлеуметтік қолдау, көтерме қаржы және жас мамандарға жасалатын жағдайлар туралы ақпарат берді. Аудан – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысушы аймақтардың бірі, сондықтан ауылдық жерге жұмысқа баратын жас мамандарға қолдау көрсетіледі. Кәсіпорындардағы жалақы көлемі де бәсекеге қабілетті екені айтылды.

Берікжан Бекбусинов, Алтай ауданы мансап орталығының директоры:

Біздің мақсат – аудан әлеуетін, өңірде сұранысқа ие мамандықтар туралы студенттерге кеңірек ақпарат беру. Жиынға ірі кәсіпорындардың өкілдері арнайы келді. Олар өздерінің бос жұмыс орындарын таныстырады. Сонымен қатар мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары, жастарды қолдау тетіктері – жастар практикасы, “Алғашқы жұмыс орны” жобасы сияқты мүмкіндіктер жөнінде де толығырақ түсіндірдік. Жалпы, ауданымызда тек техникалық емес, әртүрлі бағыттар бойынша мамандарға сұраныс бар. Қазір Алтай ауданы бойынша электронды еңбек биржасында 180-нен астам бос жұмыс орны тіркелген. Бұл деректер күн сайын жаңартылып отырады.

Бақытгүл Қанафина, Алтай ауданы білім бөлімінің басшысы:

Жиында әрбір болашақ маман өз саласының еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие екенін біле алады. Алтай ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті туралы кең көлемде ақпарат алуға мүмкіндік бар. Табиғаты мен даму мүмкіндігі үйлескен Алтай ауданы – өзіндік ерекшелігі бар, бірегей өңір.

Алтай ауданында жылу энергетикасы, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Білім ордасы мен аудан арасындағы тығыз байланыстың бір дәлелі - студенттердің жазғы оқу-өндірістік тәжірибесі өтетін экспедициялық лагерь.

Әсия Машекенова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

Алтай ауданы біздің негізгі серіктестеріміздің бірі. Жыл сайын бұл жақтан келетін студенттер саны өсіп келеді.Биылдың өзінде осы ауданнан білім ошағына 124 талапкер қабылданған. ЖОО бастамасымен құрылған желілік инженерлік мектепті алғашқылардың бірі болып қолдаған ауданның бірі - Алтай. Қазіргі уақытта бұл мектепте физика, математика және информатика бағытында 500-ден аса мектеп оқушысы білім алып жүр.

Мұндай жиын студенттер үшін маңызды. Себебі, өңірдегі кәсіпорындардың кадрлық сұранысы, жас мамандарға көрсетілетін қолдау мен жұмыс мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе геология, өндіріс және техникалық бағыттағы білім алушылар үшін бұл кездесудің пайдасы мол. Студенттер өңірге оралып, өз саласын дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Сергей Миршиченко, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті:

Өзім Соловьёво ауылының тұрғынымын. Қазіргі уақытта пайдалы қазбалар кен орындарын барлау және геология мамандығы бойынша 3-курста оқимын. Алыс аудандардың осындай шаралар өткізіп, өңірде қандай мамандықтарға сұраныс бар екенін таныстыруы мені өте қуантады. Шын мәнінде, бұл бізге үлкен мүмкіндік. Болашақта ауылыма оралып, өңірдің геология саласын дамытуға атсалысқым келеді.

Алтай ауданы мен ЖОО арасындағы серіктестік болашақта да техникалық салаға білікті кадр даярлауға жаңа серпін бермек.

Қымбат Иманғали