Дубайда жасөспірімдер арасында өткен V Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов марапаттады. Салтанатты шара Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған.
Салтанатты шарада төрт спортшы мен үш жаттықтырушы марапатталды. Дүбірлі додадан жүлделі оралған өрендерге 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды. Өңір басшысы бұл жетістіктердің кездейсоқ емес екенін атап өтіп, параспортты дамыту – облыс үшін басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Сіздердің әр қайсыларыңызға мықтты денсаулық. Келесі жылы бұданда жоғары жетістіктерге жете береміз деп.
Марапатталған спортшылардың бірі пара жүзуден ұлттық құрама мүшесі Кирилл Ресслер бар. Ол V Азия жасөспірімдер параойындарында алтын және қола медаль иеленген.
Кирилл Ресслер, спортшы:
Мен үшін бұл ұмытылмас күн. Алдағы мақсатым айқын — Виктор Волков сынды биік белестерге жетіп, Қазақстанның қоржынына көп медаль салу, ел намысын абыроймен қорғау.
Евгений Сизинцев, жаттықтырушы:
Бүгін біздің спортшыларымызды марапаттап жатыр. Әрине бұл біз үшін және жас спортшылар үшін үлкен мақтаныш. Облыс әкімі құттықтап, сертификаттар табыстады. Салтанатты шара жоғарғы деңгейде өтті.
Бұл марапат — жекелеген спортшыларға ғана емес, тұтас алғанда аймақ спортшыларының қажырлы еңбегіне көрсетілген құрмет. Халықаралық аренадағы жетістіктер өңір спортының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Нұртас Қайролдаев