Жыл сайын қала тұрғындары мен қонақтары асыға күтетін дәстүрлі «Аяз ата, Ақшақар-2025» фестивалі 19-20 желтоқсан күндері өтеді. Ертегі кейіпкерлері қатысатын думанды шерудің ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Фестиваль жаңа жыл қарсаңында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй мен шаттыққа толы мереке сыйлайды.

Биыл мерекеге Қазақстандағы Қырғызстан мен Өзбекстан елшіліктерінің өкілдер, сондай-ақ, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарынан келген қатысушылар жиналды. Фестивальдің басты ерекшелігі алаңда 120-дан астам Аяз ата мен Ақшақар жұбы бас қосып, шығысты таңғажайып қысқы ертегі әлеміне айналдырады.

Самат Қасенов, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:

19 күні Риддер қаласында, 20 күні Өскемен қаласы мен Алтай Альпісінде өтеді. Бұған қазір 120-ға жуық Аяз ата мен ақшақар тіркелді. 120-ға жуық адамды Риддер қаласына, Алтай Альпысына және Өскеменде өтетін шараларға қатыстыру Мәдениет басқармасының, облыстық филармонияның ұйымдастыруымен жүргізілетін болады.

Биыл мерекелік шара екі күнге жоспарланды. 20 желтоқсанда «Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешенінде өтетін шарадан кейін Өскеменде сағат 15:00-де Аяз атаның резиденциясының ашылу салтанатымен жалғасын табады.

Нұрлан Серікпаев, ШҚО филармониясы директорының орынбасары:

Жылдағы дәстүрге сай Аяз атаның резиденциясына 2 пошта жәшігін қойдық. Онда кез-келген бала өзінің арманын қағаз бетіне түсіріп, Аяз атаға жібере алады. Дәл осы күні кәсіпкерлер мен көмек қолын созамын деуші жанашыр жандар көптеп келеді. Олар бізге өздерінің кім екендігін айтпай, есімдерін құпия түрде қалдыруларын сұрайды. Шарадан соң ешбір камера, блогерлерсіз өздерін жария етпей, балалардың хаттарын ашып оқиды. Осылайша Аяз атаның атынан құпия түрде олардың армандарын орындайды.

Шараны ұйымдастырушылар барша тұрғындарды ерекше мерекеге қатысып, қыстың таңғажайып сәттерін бірге қарсы алуға шақырады.

Аяулым Усинова