Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданындағы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар нысандарын аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Бұдан бөлек, өңір халқымен ашық сұхбат жүргізді.

Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан көлемінде іске асырылып жатқан негізгі жобаларды аралап көрді. Аймақ басшысы ауданды дамыту, әлеуметтік нысандар, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы мен экономикалық көрсеткіштерге оң бағасын берді. Қазіргі таңда Самарда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларында тұрақты өсім бар.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз бір ғана кәсіпорынға қарап қалмауымыз керек. Жан-жақсы дамуымыз керек. Ол үшін әлбетте экономикамыз, ауыл шаруашылығымыз. Қазір енді туризм саласы бар, орта, кіші кәсіпорындар бар. Жан-жақты кіргізуіміз керек. Әлбетті кіші, орташа кәсіпорындардың үлесі, туризмнің үлесі миллиардтаған емес. Аз. Бірақ, ай сайын, жыл сайын динамикасы жақсы келе жатыр.

Облыс әкімі «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.Бұл жоба ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан бөлек, аймақ басшысына аудан орталығындағы үш қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Жалпы аумағы 1200 шаршы метр болатын нысанның құрылысы сәуір айында басталып, жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал 150 орындық мектепті келер жылы қолданысқа беру жоспарлануда.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ағымдағы жылы off-take келісімшарты бойынша 950млн. теңгені құрайтын 150 орындық мектеп құрылыс жұмыстары мына Самар ауылында жүргізілуде. Жаңа барып көрдік. Жақсы. Біздің ауыл сапасы жоғары. Жақсы. Аудан әкіміне білім басқармасымен бірлесіп Самар ауданындағы 150 орындық мектеп құрылысының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бұдан соң өңір әкімі Нұрымбет Аманұлы «ЛИК» шаруа қожалығына барды. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіреді. Қожалықта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы жер көлемі 3400 гектардан астам.

Михаил Лопаткин, «ЛИК» шаруа қожалығының басшысы:

Биыл үш жүз миллион теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде тұқымдық материалды кептіруге қабілетті конвейерлік кептіргіш сатып алдық. Бұдан бөлек, төрт техникадан тұратын толық тұқым дайындау желісі алынды. Бұл желі ұсақ тұқымды және ірі дақылдарды, соның ішінде күнбағысты, бірінші деңгейге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір бұл желілер іске қосылды.

Ауданда құрылыс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салалары қарқынды дамып келеді. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 6,5 млрд. теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімі 10,7 млрд. теңгені құрады. Облыс әкімі сапар соңында аудан тұрғындарымен кездесіп, жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді.

Талант Тұрсынов