Тақырыпты жалғастырамыз. «Байтақ» жасылдар партиясы айтулы мерекеде «Тәуелсіздік – Мәңгілік Елдің тұғыры» атты шара ұйымдастырды. Кешке жиналғандар жергілікті қолөнер шеберлерінің егемендікке арнаған туындыларымен танысып, сол жылдардың естеліктерін тыңдады.
Шара аясында ұйымдастырылған көрмеде киізден басылған бұйымдар, заманауи үлгідегі қоржындар, эко-принтпен жасалған жібек орамалдар, сондай-ақ жергілікті қолөнер шеберлері мен суретшілердің еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.
Аяжан Қайырханқызы, «OSKEMEN KREATIVE» орталығының негізін қалаушы:
Желтоқсан оқиғасын еске алуға арналған бастама ұсындық. Менің ойымша, бұл – өте қастерлі күн. Өзім суретші ретінде алғаш рет туындымды ұсынып отырмын. Бұл егемендіктің құрметіне арналған акрилмен салынған «Ашық аспан» атты жұмысым. Өз шығармашылығымыз арқылы Желтоқсан куәгерлеріне ризашылығымызды білдіріп, құрмет көрсеткіміз келеді.
Шарада партия мүшелері, белсенді жастар мен ардагерлер бас қосты.
Алмаз Джакишев, «BAYTAQ» жасылдар партиясының ШҚОФ атқарушы хатшысы:
Бүгінгі шараның негізгі мақсаты ол біздің Тәуелсіздік күніне байланысты Желтоқсан оқиғасына қатысқан қатысушыларды шақырып отырмыз. Олар өздерінің ойларымен, Тәуелсіздік қалай келгендігі туралы ой бөліседі. Сонымен қатар біздің партия мүшелері, активистар қатысып отыр.
Кеш қонақтарына жергілікті қолөнер шеберлерінің жүннен тоқылған мойынорағыштары мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Ардагерлер жас ұрпаққа еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың баға жетпес байлық екенін атап өтті.
Бақболат Ақылбаев, қала тұрғыны:
Еліміз міне бейбітшілік заман болып жатыр. Тыныш өмір сүріп жатырмыз. Қаламыз көркейіп, жеріміз өркейіп келе жатыр. Соған біз ризамыз. келешек балаларымызға осындай жеріміз бар осыны аман-есен алып қалсаңыздар, біз сіздерге аманат етіп тастап кетеміз. Біз де осы бала кезімізде осы патриоттық тәрбиеде өстік.
Жиында өңірге танымал өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен көпшілікті тәнті етті. Кештің әсерлі өтуіне еріктілер де атсалысты.
Қымбат Иманғали