Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданының Маралды ауылдық округіне де барды. Аймақ басшысы тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жұмыстар мен келер жылға жоспарланған жобалар сөз болды.

Маралдыда соңғы жылдары бірқатар маңызды жұмыстар атқарылған. Ауылішілік жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды, электр желісі тартылды. Мектептің шатыры жаңартылып, келер жылы ғимараттың ішкі бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілмек. Биыл округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына жергілікті алтын өндіруші компаниямен жасалған меморандум аясында 400 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Қыстау-Күршім ауылының орталық көшесі орташа жөндеуден өтіп, Маралдыдағы соғыс ардагерлерінің аллеясына гранит плиталары төселді. Ауылдық округте Starlink спутниктік интернет жүйесі орнатылды, стадионға спорт құрал-жабдықтары алынып, шағын футбол алаңдары салынды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ауылымызды жоғары дәрежеге көтеріп алуымыз керек. Бұл былайша айтқанда жаңа Маралдыны құруымыз керек. Жаңа Маралды бұл – үміт, бұл – сенім, ертеңге деген үлкен қадам болуы керек. Нәтижесінде жастарымыз Маралдыдан кетпейтін болуы керек. Жеке бір кәсіп ашамын десеңіздер қайтарымсыз грант керек, төменгі пайыз кредит керек тағы басқа. Біз жан-жақты қолдай отырып, бүгінгі күні мына Маралдының ертеңгі жағдайын жасап алуымыз керек.

Облыс әкімі ауыл халқына өндіріс пен экология мәселелеріне қатысты нақты ақпарат берді. Бұдан бөлек, келесі жылы Маралды ауылдық округінің дамуына 600 миллион теңге бөлінетінін айтты. Барлық жұмыстар тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қандай ұсыныстарыңыз бар, бизнес жобаларыңыз бар мына аудан әкіміне, маған жіберіп қойсаңыздар мен әрдайым Маралдыдағы жағдайды аптасына бір рет жиналыста сұрап отырамын. Бірлік болса тыныштық болады. Тыныштық болса алға жылжу болады. Алға жылжу болса бұл елдегі күніміздің жарқын дәлелі.

Жаңа Маралды – бұл ортақ мақсат, ортақ еңбек және ортақ жауапкершілік. Өңір басшысы әр мәселе тұрғындармен бірлесе шешілетінін, алдағы уақытта ауылдың дамуы айқын көрініс табатындығын жеткізді.

Талант Тұрсынов