Облыста энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аймақ электр энергиясы бойынша өзін толық қамтамасыз етіп отырғанымен, қыс мезгілінде маусымдық тапшылық пен жылу жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, Өскеменде бұл мәселе өзекті. Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы салалық басқарманың басшысы Наурызбай Сармурзин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Бүгінде өңірде сегіз энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді. Оның құрамына жалпы қуаттылығы 1 500 мегаваттан асатын су және жылу электр станциялары кіреді. Биыл он айында облыста 6 миллиард киловатт-сағаттан астам электр энергиясы өндірілген. Алайда қыс мезгілінде тұтыну көлемінің күрт өсуі мен кейбір энергия көздерінің аяз кезінде шектеулі жұмыс істеуі салдарынан электр тапшылығы да жоқ емес. Мәселені шешу үшін аймақтағы бірқатар энергия көздері жаңартылған.
Наурызбай Сармурзин, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда өңірде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,6 пайызды құрайды. Бұл – 227,6 миллион киловатт-сағат электр энергиясы. Оған Тишин, Хайрузов, Үлбі, Тұрғұсын және Зайсан су электр станциялары кіреді. Алдағы жылдары энергетиканы дамыту жоспарына сәйкес, облыста қосымша 670 мегаватт жаңа қуат іске қосылады. Соның 162 мегаватты қолданыстағы электр станцияларын жаңарту арқылы алынады. Бұл жұмыстар Өскемен және Согра жылу электр орталықтарындағы жабдықтарды жаңалауды, сондай-ақ Өскемен су электр станциясын жаңғыртуды қамтиды.
Өңір энергетикасындағы маңызды жобалардың бірі – Өскемендегі №3 ЖЭО құрылысы. Жаңа орталық қаланы жылу және электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, қолданыстағы станцияларға түсетін жүктемені азайтады. Нысанды пайдалануға беру 2030 жылға жоспарланған.
Қымбат Иманғали