Облыс орталығындағы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Елдің әртүрлі өңірінен шақырылған 350-ден астам мерзімді әскери қызметші салтанатты жағдайда Отанға адал қызмет етуге ант беріп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына қосылды.

Жас әскери қызметшілер әскери бөлімге еліміздің он өңірінен келген. Қызметтің алғашқы айында олар бастапқы әскери дайындық курсынан өтті. Сарбаздардың айтуынша, қысқа уақыт ішінде олар жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп қана қоймай, әскери қызметтің алғашқы кезеңдерін бірге өткеріп жатқан сенімді жолдастар тапқан.

Алмас Байымбетов, жас сарбаз:

Менің ойымша әскерде болған өте маңызды ол әр ер азаматтың міндеті деп ойлайымын.

Шыңғыс Мунасыпов, жас сарбаз:

Мен ойлаймын әскерге келу кез келген ер адамның міндеті. Біздің туыс туғандарымыз тыныш ұйықтауы үшін біз отанымызды қорғауымыз керек.

Әскердегі қызмет жас азаматтарға өмірлік құнды тәжірибе беріп қана қоймай, білім алу мен кәсіби тұрғыдан дамуға қосымша мүмкіндіктер де ұсынады. Осы орайда аталған әскери бөлімнің қызметкерлері де жас сарбаздардың ел қорғау алдындағы басты міндеттері осы екенін де тілге тиек етіп, жасалатын жеңілдіктер туралы да айтты.

Нұрлан Кисенов, 27943 ә/б командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

Әскери қызмет өткеру кезеңінде сарбаздарға несие каникулы беріледі, яғни олардың қолданыстағы несиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, бір жыл ішінде олар жоғары оқу орындарына, оның ішінде әскери оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін дайындалып, емтихан тапсырып, сертификат алады. Кейін сол сертификат негізінде тиісті жоғары оқу орындарына оқуға түсе алады.

Салтанатты шараның куәгерлері ретінде сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Олар әскери қызмет жолына қадам басқан ұлдары мен немерелерін ерекше толқыныспен тамашалады.

Гүлжан Түлешова, Алматы қаласының тұрғыны:

Мен ұлыма присиягасына келдім толқып тұрмын көргім келіп сол асығып.

Бұл күн жас сарбаздардың жадында өмірлеріндегі жаңа кезеңнің бастауы ретінде мәңгі сақталады. Дәстүр бойынша салтанатты рәсім әскери қызметшілердің саптық маршымен аяқталды.

Нұрдәулет Қалибеков