«Өскемен-Алтай» бағытында қар көшкінін алдын-алу жұмыстары жүргізілді. Себебі, бұл аумақтағы тау беткейлеріндегі қардың биіктігі шамамен 45-50 сантиметрге жеткен.Мамандар оқыс оқиғаның алдын алу әрі көлік қозғалысын шектеуді болдырмау мақсатында осындай шаралар жоспарлы түрде жүргізілетінін айтады.

Қазселденқорғау мекемесінің шығыстағы филиалы аталған жұмыс азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде жалпы көлемі үш мың текше метрге жуық қар түсірілді.

Нұрболат Өтеев, ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

Облыс аумағында қардың көп түсуіне байланысты ШҚО ТЖД мен "Қазселденқорғау" ШҚ филиалы мамандары бірлесіп Өскемен-Алтай-Рахман шоқысы республикалық маңызы бар үш учаскесінде қарды түсіру үшін жарылыс жұмыстарын жүргізді. Жарылыс жұмыстарында қауіпсіздік ережелері сақталды. Автокөліктерге жол жабылып, қауіпсіздік ережелері қатаң түрде сақталды.

Аймақтағы ТЖД мен Қазселденқорғау мекемесінің мамандары таулы аумаққа саяхатқа шыққан азаматтарға қауіпісіздік ережелері талаптарын қатаң сақтауға шақырады.Себебі, бекітілген талапты елемесе, қар көшкіні кез-келген сәтте жүруі мүмкін.Ал өңірдегі жолдардың жағдайын «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.

Аяулым Усинова