Денсаулық сақтау саласында өзгеріс көп. 2023-2025 жылдар аралығында өңірде отыз бес жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Тағы бір нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау көрсеткіші 36,3 пайызға жеткен. Ал, туберкулезбен сырқаттанушылық жүз мың тұрғынға шаққанда отыз бір пайызға дейін төмендеді.

Соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау жүйесінде ауқымды жұмыстар атқарылғаны байқалады. Медициналық ұйымдар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, өңірде ірі медициналық ұйымдарды салу және қайта жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Олардың қатарында гематология орталығы, Риддер қаласындағы көпбейінді аурухана кешені, облыстық онкологиялық орталықтың бөлімшелері және Өскеменде салынатын жаңа перзентхана бар. Жедел медициналық көмек станцияларына арналған реанимобильдер мен автокөліктер сатып алынып, олар кезең-кезеңімен аудандық медициналық ұйымдарға берілуде.

Айнаш Қапанова, Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Облыс бойынша лизинг арқылы 36 автокөлік сатылып алынып жатыр. Осы жаңа жылдың аяғына дейін шарттарын қойып, медициналық мекемелерге, аудандарға таратылатын болады. Ішінде реанимобиль де бар.

Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды бағдарлама іске асырылуда. Биыл аймақта 1 млн. 573 мың теңгеге шарттар жасалып, 1 млн. 281мыңнан астам теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. Қазіргі таңда медициналық ұйымдарды толық жабдықтау деңгейі тоқсан пайызға жуық.

Фатима Тілейханқызы