Аймақта «Аяз Ата – Ақшақар-2025» республикалық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қысқы ертегіге толы бұл шара қала тұрғындары мен қонақтарын бір арнаға тоғыстырып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Түрлі ертегі кейіпкерлері қатысқан мерекелік бағдарлама балалар мен ересектерге ерекше әсер қалдырды. Фестиваль өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, қысқы туризм мен мәдени шаралардың маңызын айқындай түсті.
Риддер қаласының Республика алаңы бұл күні ерекше мерекелік кейіпке енді. Алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа жыл кейіпкерлері қарсы алып, ертегі әлеміне жетеледі. Аяз Ата мен Ақшақардың жылы лебіздері мен құттықтаулары мерекенің шырайын аша түсті. Шығармашылық ұжымдар балаларға арналған ойын-сауық ұйымдастырып, алаңды шаттық пен күлкіге бөледі. Шараға шығыстағы барлық аудандардан, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан келген қатысушылар жиналып, әр өңір өз ерекшелігін көрсетуге тырысты.
Абай Нұғманов, фестивальге қатысушы (Жетісу облысы):
Біз ақшақар екеуміз сонау Жетісу облысынан келіп тұрмыз. Өздеріңізде өтіп жатқан осы Өскемен өңірі, оның ішінде Риддер қаласында өтіп жатқан фестивальға келер болсақ ол жақсы үрдіс алған. Туризмді дамыту мақсатында өтіп жатқан іс-шара деп ойлаймын. Сондықтанда осындай, елімізде осындай іс-шаралар көбейе берсе деген ойдамыз. Еліміздің әр өңірінде де әдемі жерлер, табиғатымыз бар. Оның ішінде Өскеменнің, осы Риддер қаласының табиғаты тамаша. Жаңа жол бойы көріп келдік. Мен өзім алғаш келуім. Сондықтанда өзімнің әріптестеріп баршаңызға сәттілік тілеймін. Жалпы қазақстандықтарды жаңа жылымен келе жатқан құттықтаймын.
Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылымдармен жалғасты. Әр аудан мен өңір сахнада өздерінің шығармашылық нөмірлерін ұсынып, мерекелік образдары мен сахналық мәдениетімен көрермен ықыласына бөленді. Фестиваль аясында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ пен ыстық шай ұсынылды.
Рауан Бейсенұлы, фестивальге қатысушы (Абай облысы):
Жалпы осы Өскемен мен Риддер қаласына Шығыс Қазақстан облысының әкімінің ұйымдастыруымен үшінші рет өтіп жатқан халықаралық фестивальға келіп тұрмыз. Өз басымыз бірінші рет келіп тұрмыз Абай облысынан. Осындай елдегі, өзіміздің жердегі туризмді дамыту мақсатындағы ұйымдастырылып жатқан осындай фестивальдерге біз әрине құптаймыз. Абай облысы атынан Шығыс Қазақстан облысын, Риддер қаласын келе жатқан жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Мерекелік бағдарламаның жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылар ерекше мән берген. Фестивальдің мақсаты — өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, қала тұрғындары мен қонақтарына шынайы жаңа жылдық атмосфера сыйлау.
Нұрлан Серікпаев, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы директорының орынбасары:
Риддер қаласында дәстүрлі «Аяз Ата – Ақшақар» фестивалі басталды. Биыл қаламыз облысымыздың әр ауданынан, сондай-ақ Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарынан және шетелден келген қонақтарды қарсы алып отыр. Фестиваль аясында орталық алаңда қаланың көрікті жерлерін қамтитын шаңғы жарысы ұйымдастырылады. Оған қала тұрғындарымен қатар Аяз Ата мен Ақшақарлар да қатысады. Бұған қоса, ертегі кейіпкерлерінің дәстүрлі шеруі өтеді. Ал кешкі мерекелік концерт басталып, қала тұрғындарымен бірге Риддердің басты шыршасын салтанатты түрде жағамыз.
Мерекелік шара Глубокое ауданында жалғасты. «Алтай Альпісі» тау шаңғысы кешені қысқы мерекенің басты орталығына айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар фристайл-могул бағыты бойынша жаппай сырғанау ұйымдастырып, оларға Аяз Ата мен Ақшақарлар қосылды. Түрлі-түсті образдар мен спорттық шеберлік көрерменге ерекше әсер сыйлады. Спорттық серпін, ертегі кейіпкерлері мен мерекелік атмосфера бұл күнді фестиваль қонақтары мен қатысушылары үшін есте қаларлықтай етті.
Ислом Орифжонов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:
Мұнда осыншама көрікті жерлер мен әсем табиғатты көріп, үлкен әсер алдым. Бұл шара Өскемен мен оның маңайында тұратын тұрғындарды біріктіріп, нағыз жаңа жылдық атмосфера сыйлайды деп ойлаймын.
Кейін Аяз Аталар мен Ақшақарлар облыс орталығының сол жағалауында орналасқан кешенге жол тартты. Мұнда қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында Аяз Атаның резиденциясы салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан «Аяз Ата – Ақшақар 2025» фестивалінің негізгі алаңдарының бірі саналады. Шараға өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Көпшілік осындай сіздер арқылы бір-бірімен жақындай түссе бізге ең керегі сол. Бірлік бар жерде береке болады. Елге сәлем айтыңыздар. Көп-көп рахмет тағыда.
Сондай-ақ бұл жерде фестивальдің үздік қатысушылары анықталды. Бірінші орынды Глубокое ауданы иеленсе, қосымша номинациялар Риддер қаласы мен Шемонаиха ауданының жұптарына табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жоғары дайындық деңгейі мен шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қала тұрғындарына нағыз жаңа жылдық көңіл күй сыйлады.
Талант Тұрсынов